Маңғыстау жұрты Отпан тауға жиналып, бірлік отын жақты

Амал мерекесі қарсаңында Қаратаудың ең биік нүктесінде «Бірлік» оты жағылды. Маңғыстау облысындағы Отпан таудың басында көрісу күні халықаралық деңгейде тойланып жатыр. Мерекеге Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан 15 мыңдай адам жиналды. Тау бөктеріне 60-қа жуық киіз үй тігілді.
Ежелгі заманда «Ұран оты» ағайынның басын жаудан аман алып қалу үшін жағылған. Бүгінде оны «Бірлік оты» деп атап, бірлік пен татулықтың нышанына балайды. Сол себепті Батыс Қаратаудың ең биік нүктесі Отпан таудың басында Қосай ата ұрпақтары бірлік отын жағып, алау эстафетасын Тәзіке ата ұрпағына табыстады.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша көпшілік таң атысымен Отпан таудың басына жиналып, бір-бірімен төс қағыстырып, мал мен жанның қыстан аман шығуымен құттықтайды. Биыл Амал мерекесіне орай мұнда 60-қа жуық киіз үй тігілген. Әр үйдің қазанында ет қайнап, алыс-жақыннан жиналған ағайын дәм татты. Шетелдіктер мен еліміздің өзге аймақтарынан келген қонақтар да бұл мейрамды тамашалау үшін ағылып жатты.
ЙЫЛМАЗ ДЕМИРТАШ, ТҮРКИЯ АЗАМАТЫ:
— Түркияның Измир қаласынан келдім. Бұл мейрамның қалай тойланатынын көру үшін келдік. Өте әдемі көрініс. Бізге ұнап жатыр. Жергілікті халықтың салт-дәстүрге, наным-сенімге құрметпен қарайтыны ерекше әсер қалдырды. Қазақ-түрік елдерінің достық қатынасы мәңгі болсын.
РОЗА РАДЖАПОВА, ӨЗБЕКСТАН АЗАМАТЫ:
— Маңғыстаулықтарды, қазақ халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Тарихи тамыры терең, мазмұны бай мейрамға арнайы қонақ ретінде қатысып тұрмын. Бүгін сахнада әз Наурыз туралы әнді қазақ және өзбек тілінде шырқадым. Көрерменнің ыстық ықыласпен қабылдағанын көріп, қуандым.
Мейрам аясында сахнада ән мен жыр айтылып, алаңда ұлттық ойындар өтті. Сондай-ақ «Амалдың ақ таңы» атты облыстық суретшілер көрмесі ашылды. Қолөнершілер қонақтарға өз бұйымдарын ұсынып, жыр-терме кеші ұйымдастырылды. Биыл Отпантаудағы Амал мейрамына 15 мыңға жуық адам жиналды. Ал Отпантау этно-мәдени орталығын құруды ақын Сабыр Адай 2004 жылы ұсынған. Орталық 2007 жылы ашылып, сол уақыттан бері жергілікті халық Амал мейрамын осында қарсы алады.
САБЫР АДАЙ, АҚЫН:
— Қарашаңырақ деген ұғымға тек қана көрісудің айналасында емес, одан жоғарырақ, тереңірек ұғынып қарауымыз керек. Бұған мемлекеттік трғыдан да мән берілуі керек. Біз қазақтың салт-дәстүрін бұқаралық сипатта осылай ұйымдастыра отырып, мемлекетпен бірге қазақ халқының өзінің ауызбірлігіне пайдалануымыз керек.
Маңғыстаулықтар жыл сайынғы дәстүрден жаңылмай 14 наурыздан бастап төс қағыстырып, қол алысып көріседі. Көрісу бір күнмен шектеліп қалмай, жыл аяғына дейін жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алады.
———————————————