Президент Қ. Тоқаев Ұлттық құрылтайда қандай мәселелерді көтерді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтап, Ұлттық құрылтай құрылғаннан бергі 3 жылда болған өзгерістер мен жетістіктерге тоқталды.
«Үш жыл ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді. Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», — деді Президент. Сондай-ақ қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге ерекше тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше, Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе бұдан да зор қиындыққа тап боламыз».
Мемлекет басшысы Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын айтты. Яғни әдемі көрсеткіштерге әуестеніп, 2 миллионнан астам салық төлеуші салықтан жалтарған. Енді ахуалды шұғыл түзету үшін Үкімет пен Парламентке тапсырма берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру. Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек».
Елімізде қызу талқыға түскен бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне Мемлекет басшысы нүкте қойды. «Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс, Бұл жан жақты зерттелді», — деді Президент.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— «Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген әрине жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де онамастика мәселелеріне жауапкершілікпен қарағаны жөн», — деді Президент. Құрылтайда жұртты алдап жүрген алаяқтар, толып кеткен коуч, психологтар туралы да сөз болды. Енді бұл Құрылтайда көтерілген мәселенің бәрі кешікпей шешілуге тиіс.
ТӘТТІГҮЛ ТАЛАЕВА, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Менің көтеріп жатқан үлкен мәселем – мемлекеттік сатып алушы. Сөздің шыны керек, мысалы, Ақтөбеде отырып Алматының тендерін алады, Алматыда отырып Ақтөбенің тендерін алады. Бірақ жұмысшылар сол жергілікті адамдарды алады, кейін сапасына жауап бермейді. Бүкіл Қазақстан бойынша осындай. Соны зерттеп, нақты жауапкершілікке тарту керек.
Иә, Ұлттық Құрылтай үлкен қозғаушы күшке айналып келеді. Бұл жиында айтылған әр ұсыныс мұқият зерделеніп, түйткілді мәселенің шешімі қаралып, ел болашағына пайдасын тигізетін салмақты құжат болып қатталады. Мұны ұйым мүшелері де мойындайды.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Құрылтай Президент жанындағы консультативтік кеңесші болып саналады. Бұл жерде әрбір азаматтың үні оның дәйекті аргументтерімен өзінің шешімін ұсынудағы маңыздылығымен таразыға салынады. Менің ойымша, бұл өте жақсы консультативті және маңызды орган екенін уақыт дәлелдеді. Ұлттық Құрылтайдың бір ерекшелігі, бұл жердегі айтылған мәселе ешқайсысы жауапсыз қалмайды.Ол нақты шешім ретінде белгіленеді.
Құрылтайдың келесі V отырысы Сыр бойында өтеді.
———————————————