Президент Ұлттық құрылтайда денсаулық, кино, дін мәселелеріне тоқталды

Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады. Мұны Құрылтайда Президент айтты. Ол барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары екенін де атап өтті.

Депутаттар мен құрылтай мүшелері қашаннан бері елдегі діни ахуалға алаңдаулы. Олар жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатыр деп есептейді. Президент: «Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ», — деді құрылтайда.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды

Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға да тоқталды. Алдағы үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. «Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», — деді Президент.

Медицина саласы да назарсыз қалмайды. Осы жылдың соңына дейін 188 медицина нысаны салынады. «Риддерде көпбейінді аурухананы, Өскеменде гематология орталығын, Ақтауда жедел жәрдем стансасын, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимаратын уақытында пайдалануға беру қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол мәдениетке де мән беруді тапсырды. Соның ішінде қазақ киносына қатысты пікір білдірді. Санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. «Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа», — деді Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн.

Жаһандық нейрожүйелер біздің тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді толық білмейді. Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе ағылшын тіліндегі ақпарат көп емес. Сондықтан танымал сервистер қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбіне шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады. Мемлекет басшысы Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керегін айтты. Үкімет қолда бар орасан зор деректерді цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап та кетіпті.
———————————————