Теңге әлсіреп барады. Бүгін KASE биржасында бір доллар 542 теңге шамасында саудаланды. Ал айырбастау пунктерінде 544 теңгеден сатылып жатыр. Айталық, шілденің басында доллар 518 теңге болған еді. Сарапшылар бұл маусымдық құбылыс екенін айтады. Ұлттық валютаның құлдырауына басқа да факторлардың әсері бар. Мысалы, мемлекеттік шығын көбейіп, импорт артқан. Оның үстіне Ұлттық Банк қазір интервенция жүргізбейді. Бағаны еркіне жіберіп, жағдайға араласпай отыр. Әзірге әліптің артын бағуда. «Бұл да валюта бағамының құбылуына түрткі», — дейді сарапшылар. Тағы бір себеп, Қазақстан қазір облигацияларды белсенді орналастыру үстінде және төлем мерзімі жақындады. Бұл шараға қаражат қажет, яғни, долларға сұраныс артады.
АҢСАР ӘБУЕВ, FREEDOM FINANCE GLOBAL САРАПШЫСЫ:
— Осы шілде айында валюта нарығы еркін айналымда болады. Демек, теңгенің әлсіреуі заңды құбылыс. Алайда тамызда жағдай өзгереді. Өйткені салық төлеу мерзімі басталады. Яғни теңге қайта бекиді деген сөз. Біздің пайымымызша, келесі айда құбылмалылық азаяды. Доллар біртіндеп қымбаттауын жалғастыруы мүмкін. Қалай дегенмен, шетел валютасының күрт қымбаттауы іркіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.