Семейде тозығы жеткен көпір құлайын деп тұр

Семейде тозығы жеткен ескі көпір құлаудың аз алдында тұр. Сонау 60-жылдары салынған өткел апатты жағдайда деп танылса да, әлі күнге дейін Ертістің екі жақ жағалауына көлік қатынасын тоқтатпай отыр. Ал тұрғындар қаусап тұрған көпір құлап кете ме деп қауіптенеді.
Семейде жарты ғасыр бұрын салынған мына көпір қазір құлағалы тұр. Тозығы жеткен өткелдің бетоны жарылып, бағаналары үгітіліп жатыр. Көлік жүргізушілері көпірден өтуге жүрексініп қалған.

ЖАРҚЫН ҰЗАҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әлеуметтік желіде таралған фотосуреттен соң қазір ол жолмен жүруді тоқтаттық. Себебі өте қауіпті. Енді күрделі бір жөндеуден өткізу керек шығар, содан кейін барып бір-ақ жүру керек. Қазір жүруге қорқып қалдық.
БЕРІК МОЛДАХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Апаттық жағдайда дейді. Біздің сол көпірдің қасында тұрып жатқанымыщға елу жылдай болды. Бұл көпір жақында құлайды. Бірақ екінші көпір әлі салынып біткен жоқ. Ертісті жүзіп өтеміз бе?!
Бұл ескі көпірге сарапшылар зерттеу жүргізіп, жүктемесі межелі шектен асып кеткен деген қорытындыға келді. Алайда бұған құзырлы мекеме басшылары көлік бұдан былай бұрынғыдай төрт жолақпен емес, тек екі жолағымен жүрсін деген шешім шығарыпты.
АСХАТ ЕСЕЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖКАЖБ БАСШЫСЫ:
— Сараптама қорытындысына сәйкес, Семей қаласының әкімдігі мен жол полициясы бірлесіп көпірдегі жүктемені азайту мақсатында жолағын шектеу шешілді және көпірде рұқсат етілген ең жоғарғы массаны белгілеу шарасы қабылданды. Сондықтан қазір көпірдің жағдайы эксплуатацияға жарамды.
Шешнеуніктер алаңдауға негіз жоқ деп, қаннен қаперсіз отыр. «Өйткені көпірдің астыңғы құрылғылары ауа райына байланысты қозғалып тұрады», — дейді. Сондықтан көктемде сетінеп, саңылау пайда болуы қалыпты жағдай екенін айтады.
———————————————