Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасының қажеттігін атап өтті.
«Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше, Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс», — деді Мемлекет басшысы.
Құрылтайда Президент салық төлеуден жалтаратын кәсіпкерлер туралы да айтты. Енді ахуалды шұғыл түзету үшін Үкімет пен Парламентке Заңнамаға жедел түзетулерді енгізу қажеттігі туралы тапсырма берді. Қазақстанда қосымша құн салығы 12-ден 16% көтерілгені мәлім. «Мемлекетіміздің қазіргі дамуындағы ең басты мәселе – салық реформасы. Сондықтан оны кешіктірудің қажеті жоқ», — деп санайды сарапшылар.
АЙБАР ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШОЛУШЫ:
— Қосымша құн салығы бойынша шараларды тездетіп қолға алған дұрыс. Екінші мәселе, корпоративті табыс салығын және жекелей табыс салығын көтергеннен гөрі осы қосымша құн салығын (НДС) көтеру анағұрлым қолайлы құрал деп танылды. Бізге енді бюджет табысын қалай болғанда да арттыру керек. Өйткені шығындар тым көп. Оны тек салық механизмдері арқылы көбейте аламыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.