Атырау іргесіндегі Талдыкөл ауылының тасжолы су астында қалды

Жол азабын Атырау іргесіндегі Талдыкөл тұрғындары біледі. Өйткені осыдан 4 ай бұрын су тасып, жолды түгел шайып кеткен. Атқамінерлердің құрғақ уәдесінен шаршаған жұрт өз күштерімен жеті шақырымдық жол салып, құм төсеп жатыр. Ең сорақысы, қолдан салынған жолда апат жиілеген. Ал ақ жағалылардың бұған айтар өз уәжі бар.
Жұмагүл Сұлтанованың күнделікті жұмысқа қатынауы мұңға айналды. «Лай батпақта көлік батып, біраз қиындық тудырады», — дейді ауыл тұрғыны. Дәл осы жолдағы апаттан былтыр төрт адам қаза тапқан.

ЖҰМАГҮЛ СҰЛТАНОВА, ТАЛДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жолдың сиқы мынау. Ойып тастаған, қара топырақты қасына төсеп қойған. Көпір жасап қойды. Содан да айырыламыз. Қазір жол жоқ.
Жергілікті тұрғындар әкім қараға сенбейді. Өйткені осыдан екі ай бұрын жергілікті билік өкілдері бәрін жасаймыз деп әуде берген. Нәтиже болмаған соң, халық амалсыз топырақ пен құм төсепті.
САНСЫЗБАЙ СҮЙЕСІНОВ, ТАЛДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Былтыр тасқын су Талдыкөлдің жеріне 90% алып кетті. Орталық пен қасындағы барлық елді мекенмен қатынас тоқтады. Халық екі ортаға қайықпен қатынады. Кірме жолға бір көлік сыятындай жол салынды. Кейін жаңбырлы күндері жүре алмай қалдық. Ешқандай қиыршық тастар төселмеген. Жауын қиындық туғызады.
Жолға жауапты маман әу баста жобада шикілік болған соң, қайта түзету енгізгізілгенін айтады.
АСЫЛАН ШАКИМОВ-МАХАМБЕТ, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Жобаға түзетулер енгізілген. Қазір дайындап қойдық. Енді Облыстық бюджеттік комиссиядан өту керек. Шешім күтіп отырмыз. Жоба дайын тұр. Шешім шыққан соң, тапсырыс беруші ретінде мердігермен келісім жасап, ақша төлей аламын. Түзету жүріп жатқанда ақша аудара алмаймыз. Ақша екі жылға жоспарланады.
Жалпы Талдыкөлде мыңнан аса адам тұрады. Халық үйілген топырақты тегістеп, уақытша жол жасап алған.
———————————————