СҚО-да су басуы мүмкін 116 елді мекен анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында су басуы мүмкін 116 елді мекен анықталды. Бұл ауылдарда бүгінде 15 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Қазір қауіпті аймақтарда тасқынның алдын алу жұмыстары қызды. Тіпті ол үшін өңірге көмекке Қарағандыдан әскерилер жетті. 50 сарбаз Бескөл ауылын қоршай салынған топырақ үйіндісін нығайтып жатыр. Тақырыпты осы өңірдегі меншікті тілшіміз Самат Қайырденұлы сабақтасын.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ – ТІЛШІ:
— Бескөл – облыс орталығынан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан ауыл. Былтыр көктемде Есіл өзені тасып, мұнда 200-ге жуық үй су астында қалған болатын. Биыл да қауіп жоғары. Сондықтан тасқынның алдын алу үшін Қарағандыдан сарбаздар көмекке келді. Қазір олар таңнын атысымен кеш бастқанша бөгетерді нығайтуда.
ҚАЗБЕК ӘМІРБЕКОВ, БАТАЛЬОН КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 50 әскери қызметші, 5 дана техникамен жағалауды нығайту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Қаптармен полипропилендік пленкаларды төсеп, жағалауды күшейтудеміз. Әзірге су тасқыны қаупі кеткенше осында боламыз.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Аталған елді мекенде 14 мыңнан астам адам тұрады. Қазір мұнда нағыз қарбалас басталды. Себебі синоптиктер наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп ескертті. Сергеев қоймасы 101% толып тұр. Топырақтағы ылғал қоры да мол. Күн жылынса, жерасты сулары көтерілуі мүмкін. Жалпы мұндай құбылыс бұрын-соңды болмаған. Сондықтан күштік құрылымдар осындай қауіпті аймақтарда бел жазбай еңбек етуде.
САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Ұлттық академияның сарбаздары келіп көмектесуде. Содан кейін төтенше жағдайлар министрлігінен жіберген қосымша жасақ арнайы келіп, бізге көмектесуде. Күнделікті сағат 8-ден бастап, кешкі 7-ге дейін осылай жұмыс істеп, көмектерін тигізуде. Енді жалпы дайындық бар. Ары қарай осы жұмысты жүргіземіз.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Өткен жылы тасқын кезінде өңірде төрт мыңнан астам үй бүлініп, оның жартысы сүрілді. Сондықтан айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін аймақта жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын 8 бөгет салынды. Қазір 116 ауыл қатаң бақылауда. Ол елді мекендерде 15 мыңға жуық адам тұрып жатыр.
———————————————