Астанадағы 1 пәтерде 3 мың 450 тұрғын тіркелген. Бұл бір ғана дерек емес. Мұндайды болдырмау үшін Ұлттық экономика министрі Мәжілісте үйге адам тіркеуді шектейтін заң жобасын ұсынды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Бас шаһарда адам көп. Инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға салмақ түсіп жатыр. Былтыр ішерге су таппай қалдық деген Ұлттық экономика министрі Астанаға келетін кісі санын шектеу керек деп ұсыныс айтты.
СНХ: СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Бір мекенжайда бейберекет, ретсіз адамдар тіркелген. 800-ден астам адам бар, тіпті бір адресте 3 450 адам. Ол ертең инфрақұрылымға, әлеуметтік, транспортқа, басқасына жүктеме жасайды ғой. Біздер тек бір мекенжайда қанша адам тұратынын шектейміз.
Серік Жұманғарин: «Ең дұрысы – Астанадан жер сатып алып, үй салып, заңды тұрғын атану», — дейді. Ал жұмыс істеуге келгендерді тұрғылықты жерге тіркеу мәселесін оларды шақырған компания басшылығы шешу керек деген пікірде.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Ол – мәслихаттың құзыреті. Ертең қағидасын жазғанда, оны есепке алуы керек. Себебі көп адам Астанаға жұмыс істеуге келеді. Әрине, олар – қажет адамдар. Олардың ішінде жоғары білімді адамдар бар, мұғалімдер, дәрігерлер бар. Оларды жұмысқа орналастыру, тіркеу жұмысқа шақырған компания иелерінің жауапкершілігінде болсын.
Бір пәтерге қанша адамды тіркеуге болатыны әзір белгісіз. Оны қалалық мәслихат шешуге тиіс. Пәтер иесі туған-туыстарын ғана еш шектеусіз тіркей алады екен.
ЕРСІН ӨТЕБАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Пәтердің көлеміне байланысты болады. 10 шаршы метрге тіркеуге мүмкіндік болады. Ол жерге, мысалы, ерлі-зайыптылардың жақын ағайын-туысқандары тіркеле береді. Ол жерде шектеу жоқ. Ал енді басқа адамдарды 10 квадратқа тікеруге болмайды.
Заң жобасын әзірлеушілер пәтерде нақты тұрмайтын адамдарды тіркейтін пәтер иелеріне жауапкершілікті арттыруды ұсынады. Уақытында тіркеуден шығармайтындарға да жаза қарастырылмақ. Бірақ оған дейін тіркеп қойғандар еш жауапсыз қала береді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА – ТІЛШІ:
— Тұрғындарды заңсыз тіркеуге көмектескен халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарынан да жауап алынады. Егер жалған құжат жасау дерегі анықталса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.