Әйелдер мерекесіне әуезді әуеннен тарту. Классикалық музыка кемеңгері, пианист Стив Баракатт алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетпек. Көптеген әнұранның авторы өзінің танымал туындыларын орындамақ. Талғампаз талант иесінің шығармашылықтағы жоспары қандай? Қазақстанның мәдениет пен өнер саласын қалай бағалайды?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Танымал композитор, пианист Стив Баракатт халықаралық әйелдер мерекесіне орай Астана Балет сахнасында өнер көрсетеді. Бұл –канадалық композитордың Қазақстанға алғаш келуі. Продюсер Стив Баракат әлемге танымал туындыларын орындамақ.
Классикалық музыка саңлағы Стив Баракаттың композициялары бүгінде Еуропа, Үндістан, Корея, Шығыс Азия елдерінде кеңінен танымал. 30 жыл сахнада өнерімен халықты сүйсіндіріп келеді. ЮНИСЕФ-тің «Lullaby» балаларға арналған ресми ән ұранының авторы. Біраз жыл БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі қызметін атқарып, игі істердің басы-қасында жүрген.
АСАР ҚАДЫРБЕКОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Стив Баракатт Біріккен ұлттар ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде көмекке мұқтаж балаларға үлкен қолдау көрсетті. Бала мүддесін қорғауға атсалысқан жандардың бірі. Ол тек музыкамен шектелмей, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп, әлеуметтік саланың дамуына да үлкен үлес қосты. Әйгілі композитор әлем бойынша 5 миллионнан астам музыкалық альбомын сатқан.
Бізге берген сұхбатында Стив Баракатт Қазақстандағы мәдениет пен өнердің жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті. Классикалық музыка жанрында жетістік аз емес екенін айтады. Қазақстандық өнер иелерімен бірге жұмыс істеуге әрдәйім ашық екенін де жеткізді.
СТИВ БАРАКАТТ, КОМПОЗИТОР:
— Канададағы елшіліктен Астана Балет сахнасында өнер көрсетуге шақырту түскенде қуана келістім. Қазақстандық тыңдарманның ыстық ықыласына бөлену – мен үшін үлкен сый. Сондықтан концерттік бағдарламаның жоғары деңгейде өтуіне бар күшімді саламын. Соңғы жылдары Қазақстандағы классикалық музыка жанры өте мықты дамып жатыр. Осы іс-сапардан кейін қонақжай халықтың мәдениеті, тарихын терең білемін деп ойлаймын.
Алдағы маңызды концертке қазір дайындық тыңғылықты өтіп жатыр. Мерекелік кешке 125 әртіс қатысады. Классик композитордың ең танымал әуендері көрерменге паш етіледі. Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластырылған концертте Астана балет әртістері, дирижердің жетекшілгімен симфониялық оркестр де өнер көрсетеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.