17 жастағы студентті өлтірген жігіт 9 жылға сотталды. Марқұмның туыстары сот үкіміне наразы

Қарағандыда 17 жастағы студентті өлтірген 21 жастағы жігітке сот үкім кесті. 9 жылға сотталған Нұрбек Нәрікбевтың жазасы жеңіл деп санаған марқұм Диас Қайкеновтың туысқандары аппеляцияға шағымдануға ниетті. Қылмыс осыдан тура бір жыл бұрын болған.
Сотталушы достарымен жалдамалы пәтерде ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отырыпты. Олардың айғай шуынан мезі болған көршілердің бірі жиналған топты тыныштыққа шақырмақ болады.Түн ортасынан ауған кезде көшеге шыққан әлгі тұрғынды балконнан байқап қалған жігіт ас бөлмеден 2 бірдей пышақты ала салып тұра жүгірген. Осы сәтте сол жерге 17 жастағы Диас Қайкенов келіп қалса керек. Төбелеске де араласпай тұрған студентке ол арқасынан екі рет пышақ сұғып алған. Көп қан жоғалтқан Диас ауруханада көз жұмады.
ЖАҢЫЛСЫН ШАМҰРАТОВА, СУДЬЯ:
— Нұрбек Нұржанұлы Нәрікбаев Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-ші бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеумен 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
———————————————