Қытай снэктерін Қазақстанға заңсыз жеткізіп отырған екі компания анықталды. Олар құжатсыз тауарды елге қалай кіргізгені тексеріліп жатыр. Санитар-мамандар мұндай өнімді сатуға тыйым салған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Санитар-мамандар: «Ел бойынша 1800 дүкенді тексердік», — дейді. 26 сауда нүктесінде қытайлық снэк табылған. 16 кг өнім тәркіленген. Алайда Астана дүкендерінде бұл өнім әлі де сатылып жатыр. Бұған өзіміз көз жеткіздік.
Мысалы, мына дүкенде Қытайдың неше түрлі дәмі бар. Әділін айту керек, снэктердің қабығына орысша мәтіні бар бір жапырақ қағаз жапсырылған. Кейбірінен «Қазақстанда жасалған» деген жазуды да көрдік. Дегенмен не аудармасы, не таңбалауы жоқ снэктер де сөреде тұр. Камераға сөйлеуден бас тартқан дүкен иесі тауарды жеткізушілер телефон арқылы сөйлеспейтінін айтты. «Олар алдын ала тапсырыс алып келіспейді, снэкті кез келген уақытта әкеліп тастайды» дейді. Соңғы рет 12 ақпанда тауар сатып алған. Түбіртекте көрсетілген телефон нөміріне хабарластық. Снэк емес, құдды бір есірткі затын сұрағандай болдық.
Бізбен ақыры ешкім байланысқан жоқ. Санитарлық бақылау комитетінің мамандары дүкендерді жаппай тексергеннен кейін қытай тағамын Қазақстанға тасымалдаған екі адамның ізіне түскен. Олардың тауарында сәйкестік декларациясы жол болып шықты.
ӘЙГЕРІМ САДУБАЕВА, СЭБҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, снэктерді кім жеткізгенін анықтадық. Қазір тексеріп жатырмыз. Екі компания тауарды тек тасымалдаумен айналысқан.
Санитар-мамандар: «Мұндай снэктерді тасымалдаушылар өзім жеймін деп сөмкесіне салып алып, шекарадан өтуі мүмкін», — дейді. Сондай-ақ түрлі маркетплейсте тапсырыс беріп, алдыртуы да ықтимал. Содан кейін дүкендерге таратады. Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының өкілі дүкенде ешбір таңбасы жоқ снэктерді көрсеңіз, полицияға хабарлау керек дейді.
ЕРКІН ТОМПИЕВ, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Заңды білсе, заң арқылы «сендер сапасыз, мерзімі өтіп кеткен тауарды сатып жатырсыздар» деп, полицияны шақыруға болады. Олар протокол толтырып, сол жерде штраф жазып, әкімшілік жаза қолданады.
Дегенмен елімізде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заң солқылдақ секілді. Себебі дүкендерде кез келген тағам заңсыз әкелініп, сатылса, олардың иесіне алдымен бүкіл тауарды жою туралы ұйғарым беріледі. Тауар 3 күнде сатылымнан алынса, сауда нүктесіне ешқандай шара қолданылмайды. Сондықтан болар Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы үш дүкен «снэктерді енді сатпаймыз» деп, жазадан оңай құтылып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.