Миллионмен – декретке! Ана болу бақытынан да пайда көрмек болған әйелдер анықталды. Олар декреттік демалысқа шығар алдында жоғары әлеуметтік төлем алу үшін табысын еселеп көрсетіп, заңсыздыққа барған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осындай мәлімет таратты. Енді заңсыз жолмен миллионер болған келіншектер қомақты қаражатты қайтаруы керек. Әйтпесе жазаға тартылуы мүмкін.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Тексеріс 113 әйелдің осындай заңсыздыққа барып, мемлекеттің 158 миллион теңгесін пайдаланып кеткенін анықтапты. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай әрекеттері үшін олар заң алдында жауап беруі мүмкін екенін ескертті. Қазірдің өзінде 16 қылмыстық іс қозғалған.
Соңғы жылдары ғаламторда екіқабат әйелдердің декреттік демалысқа «сәтті» шығуының жолын көрсетіп, жөн сілтейтін, яғни оқытатын бейнесабақ та көбейді. Пайдасына қызыққан жүкті келіншектер мұндай сәтті қалт жібермей, жүктілік пен босануға байланысты жоғары төлем алуға жағдай жасап алған. Тіпті бірнеше компанияға тіркеліп те қойған.
ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, «ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АҚ ӨКІЛІ:
— Не себептен бұл азаматтарға қылмыстық іс қозғалды деген сұрақ туындайды. Яғни бұл азаматтар жеке кәсіпкерлерден немесе басқа жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден жұмыс істедім деп 10-20 жерден әлеуметтік аударымдар аударып, біздің қордан қомақты қаржы алған азаматтар деп айтуға болады.
Ал бұл ниеті жүзеге аспай қалғандар да бар. Әлеуметтік мекеме өкілдерінің айтуынша, дәл осы схемамен құжат толтырған кезде заңсыз ісі әшкере болатынын білген 1,5 мың әйелге миллионмен декретке шығудан бас тартуына тура келген. Яғни 3 миллиард 400 миллион теңге мемлекетте қалған. Енді бұл істерге қатысы бар топ түгел жауапқа тартылуы мүмкін.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:
— Өйткені ол келтірілген зардапқа байланысты және олар топ болып жүзеге асырылғаны анықталған жағдайда бұл Қылмыстық Кодекстің 190-бабының, яғни 1-ші бөлігі бар, істің нақты мән-жайына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни ең төменгі жазасы айыппұлдан бастап, 7 жылға, 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Заңгердің айтуынша, бұл іс нақты қай баппен қозғалып, тергеледі жаза соған байланысты болады. Ал қылмыс салдарынан келген зиянды толық қайтарған жағдайда сот жеңілдік қарастыруы да мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.