Әуежай қызметкерін құтқарып қалған Мұса Әбдірайым наградталды

Алматы әуежайындағы оқыс жағдай. Тексеру аймағында тапа-тал түсте әйелге пышақ кезеп, шашын жұлған күдікті 7 минутта ұсталды. Қауіпті адамды тізе бүктірген алаңсыз кетіп бара жатқан жолаушы 52 жастағы Мұса Әбдірайым екен. «Кепілге мені алшы», — деп өтінген жігіт ағасы қолын қайырып, жерге жалп еткізгені видеодан көрініп тұр. Бір қызығы, күдіктінің ешқандай талабы жоқ. Тек телефонымның бір батырмасын басып, жарып жіберемін деп қорқытқан. Қазір ел-жұртқа қауіп төндірген ер адам қамауда. Ал Мұса Әбдірайымның ерлігін Президенттің өзі мемлекеттік марапатқа лайық деп танып, тәнті екенін айтқан. Бес баланың әкесі бұрын спортпен айналысқан көрінеді. Бастысы, мұны естіген қалың жұрт ел қорғаны бола алатын ердің бар екеніне ризашылыеғын білдіріп жатыр. Ал елді дүрліктірген күдіктіні қандай жаза күтіп тұр? Өйткені бұл бірінші жағдай емес. Өткен жылы Астанадағы қоғамдық көлікте әйелдің жағынан салып қалып, ұсталған болатын.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
— Суық қару, яғни пышақ арқылы жүзеге асырылған қылмыс болып саналады. Сол себепті бұл кісінің іс әрекеті 293-бабтың 3-бөлігімен 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер сараптама бойынша есі дұрыс болмаған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 16-бабына сәйкес, бұл кісі қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
———————————————