Қостанай облысында су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр

Апат айтып келмейді. Қостанай облысында су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл қар қалыпты мөлшерден екі есе көп жауған. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Құтқарушылар «Көктем 2025» командалық штабтық оқу-жаттығу өткізіп, су тасқыны кезіндегі шараларды пысықтады.

Былтыр облыста жүздеген үй топан су астында қалып, көп мал қырылды. Қауіп биыл да қайталануы мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін құтқарушылар оқу-жаттығу өткізіп, сақтық шараларын пысықтауға кірісті.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, ТЖМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қостанай облысына келетін болсақ, тасқын судан қауіп бар. Қазгидромет су басу қауіпі жоғары аумақтарды белгіледі. Қарасу ауданында үлкен ылғал қоры бар. Қазір Тобыл өзеніндегі мұздың қалыңдығын бақылауға алып, ағын су бойынша мәліметтерді талдап жатырмыз. Былтырғыдан аз, әрине, дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Иә, өйткені өңірде қар қалыпты мөлшерден көп жауған. Синоптиктер наурыз айында да ақ ұлпаның көп түсіп, күн күрт жылынатынын айтады. Бұл жағдайды қиындатуы мүмкін.

АНТОНИНА ШИБАРШИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Облыстың оңтүстігі мен шығысында көп қар жауды. Оның қалыңдығы да байқалады. Ақ ұлпаның биіктігі 44 сантиметрге дейін жетеді. Бұл нормадан екі есе жоғары.

Төтенше жағдай қызметкерлері: «Су тасқынын бақылауда ұстап отырмыз», — дейді. 400 құтқарушы жасақталған. Жақын күндері 5 гидробекет іске қосылады. Апаттық-құтқару техникалар сақадай сай. Қосымша жабдықтар бойынша жекеменішік кәсіпорындармен де меморандумға қол қойылмақ. Су тасқыны болған кезде халықты қауіпсіз жерге көшіру жайы да жіті назарда.

АСЛАН МАХМҰТОВ, ТЖБ БАСТЫҒЫ:
– Су тасқынының алдын алу үшін бизнес нысандар мен дүкен жалдаушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған хаттар тапсырамыз. Тасқын кезінде не істеу керек екені жайында ақпарат береміз. Көбіне жеке сектор мен саяжай тұрғындарына баспаналарынан бағалы заттар, тұрмыстық техникаларды алып тастау керектігін айтып жатырмыз.

Қостанай облысындағы су қоймаларының жағдайы да ұмыт қалмаған. Қаратамар мен Жоғары тобыл су қомайларының толуы  62%.
———————————————