Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан аруларын көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді сұлулық пен мейірімділіктің көрінісі ретінде атап өтті. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақылды еске салып, әйелдер қауымының өмірдегі орны ерекше екеніне мән берді.
Сонымен қатар Президент Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ әйел қауымы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында: 4 еңбек ардагері, 19 жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккерлері, 14 денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының қызметкерлері, 6 кәсіпорын басшысы, 3 қоғамдық ұйым өкілі, 7 мемлекеттік қызметкер, 6 құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін қызметкерлер бар. Барлығы – сіз бен біздің жанымызда жүрген қарапайым дәрігер, мұғалім, тролейбус жүргізуші, дәнекер.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.