Сырбойылық марафоншы әрі мерген арулармен сұхбат

Сырбойылық марафоншы әрі мерген арулар байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап келеді. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет ететін арулар Дубайда өткен додада жүлде салды. Құралайды көзге атқан сұр мергендер спорттың бірнеше түрін меңгерген.

Білегі мен рухы мықты қаракөздердің нысанадан мүлт кетуге құқы жоқ. Сондықтан үнемі атыс алаңында жаттығады. Жастайынан дзюдомен шұғылданған Ғайни Нұрмахан самбо, белбеу күресімен машықтанып, қазір сегіз бұрышты рингте күш сынастыратын панкратионға шығып жүр. 25 жастағы ару қоян-қолтық ұрысынан ел және Азия чемпионы атанып үлгерген.

ҒАЙНИ НҰРМАХАН, АРНАЙЫ ЖАСАҚ ЖАУЫНГЕРІ:
– Дубай қаласында болған арнайы жасақ құрылымдары арасында болған жарыста үлкен өзіме тәжірибе алдым. Сол тәжірибені осы өзімнің ұжымдастарыма көрсетсем, үйретсем, көргенімді бөліссем деймін. Алдағы уақытта күштік құрылымдар арасында қоян-қолтық ұрыс өзім айналысып жүрген спорт түрінен Қазақстан, әлем чемпионаты бар. Соларда атсалысып, үлкен жетістіктерге жетсек екен дейміз.

Осы аяқты қармап шалу әдісі Арайлымға әлем чемпионатының алтын жүлдесін сыйлады. Жалағаш ауданындағы ауылдық спорт мектебінде дзюдо үйірмесіне қатысқан өрімдей қыз бертін келе белбеу күресінен 6 рет ел чемпионы атанған. Жілік майы бітік қыз баланың талай жігітті алып ұрып, топырлатып топыраққа аунатқанын көзі шалған полиция департаменті дереу палуанды жеке құрамға шақырған.

АРАЙЛЫМ ОРАЗБАЙ, АРНАЙЫ ЖАСАҚ ЖАУЫНГЕРІ:
– Осы қызметке форма киемін деп армандап, осы салаға келген болатынмын. Келгеніме ешқандай өкінбеймін. Әрбір қызметті жауапкершілікпен, үлкен ұлағаттылықпен істеуге тырысамыз барынша. Адал қызмет жасап, елімізге адал қызмет еткенді жақсы көреміз.

Жалпы арнайы жасақ құрамында тағы 10 бұрымды ару қызмет етеді. Барлығы сайдың тасындай іріктелген спорт шебері. Ішінде еңбек өтілі ең көп – Айдана Айтбаева қарудың барлық түрін меңгерген әмбебап сарбаз. Жауапты да күрделі салада еселі еңбегімен көзге түскен нәзік жанды шұғылалы мереке қарсаңында подполковник шенін алды.

АЙДАНА АЙТБАЕВА, АРНАЙЫ ЖАСАҚ ЖАУЫНГЕРІ:
– Қай тапсырмаға бара жатқанымызды білмейміз. Тек кезекшіден қоңырау түседі. Сол тапсырмамен барамыз. Иықтағы пагонымыз үлкен жауапкершілік жүктегеннен кейін біз әр тапсырмаға жауапкершілікпен қараймыз.

Жалпы облыстық полиция департаментінде қызмет тізгінін берік ұстаумен қатар шаңырақ берекесін кірігізіп отырған 300-ден астам қыз-келіншек жұмыс істейді.
———————————————