Шахмат әлемінің ханшайымдары Алматыда ең үздік деген атаққа таласып жатыр. Qazaq Queens Chess фестиваліне елдің әр өңірінен шахматшы арулар жиналды. Турнирдің серіктесі Freedom Broker инвестициялық компаниясы мен Freedom Шапағат корпоративті қоры.
Шахматшы қыздар үшін бүгін қос мереке. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және Qazaq Queens Chess фестивалі. Турнирге жасы мен рейтингіне қарамастан, жүзге жуық ару тіркелген. 13 жастағы Айару Алтынбек – Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. Қатарластары арасында былтырғы әлем чемпионы атанған жеткіншек бүгін де жеңістен үмітті.
АЙАРУ АЛТЫНБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
– 8 наурызға қарсы әйелдер арасында жарыс өтеді, сол жарысқа келдім. Блиц бойынша 9 тур болады, жақсы ойнағым келеді, ұтқым келеді.
Қазір шахматтағы әйелдер жай ғана ойыншы емес, осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген алып тұлғалар. Қазақстан әйелдер құрамасы былтыр Будапештте өткен Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Ал команда жетекшісі, блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева мыңдаған жас шахматшы үшін табыс пен шабыттың символы.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
– Шахматқа баулыған кішкентай бүлдіршіндеріміз, әйелдер, тіпті апаларымыз осы шахмат жарысына келіп, шахмат ойнап, бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, көңіл-күйлерін көтерсін деп жасап жатқан үлкен мереке.
Жарысты ұйымдастырушылар бүгінгі турнирде жаңа чемпиондар анықталады дейді. Жүлде қоры 2 млн теңгені құрайтын турнирдің жеңімпазы 500 мың теңгені қанжығасына байлайды. Күміс және қола медаль иегері 400 және 300 мың теңгені бөліседі. Ардагерлер арасында үздік шахматшы атанған ақ жаулықты аналарға бөлек сыйлық бар. Турнирдің серіктесі Freedom Broker инвестициялық компаниясы мен «Freedom Шапағат» корпоративті қоры.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.