Астанада ойын баласын көлік басып кетті

Ойыннан от шықты. Үй ауласындағы пандустан сырғанап жүрген бала көлік астына түсті. Қазір 10 жастағы оқушының денсаулығы жақсы. Ал тұтқиылдан сырғанап келген баланы көрмей қалған жүргізуші жазаға тартылуы мүмкін. Жалпы тұрғын үй аулаларындағы қауіпсіздікті кім қадағалайды?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Оқиға 10 қаңтарда Бөлекпаев көшесінде болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы жерге жақын маңдағы үйлерден ойнауға келген балалар байлаулы тұрған темір шынжырды өздері ашқан. Пандустан тюбингпен сырғанап келе жатқанда көлік астына түседі.
Оқиға бейнекамераға жазылған. Балалар үй аулалары арасында сырғанап жүр. Осы сәтте жеңіл автокөлік жүргізушісі солардың біреуін қағып кетеді. Салдарынан 10 жастағы бала дене жарақатымен ауруханаға жеткізіледі.
«Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Медициналық тексерістен толығымен өтті. Травматологтардың қадағалауымен үйінде емделеді».
Пәтер иелері бірлестігінің төрағасы Құбайда Байшойынов пандусты ойын алаңына айналдырған балаларға бірнеше мәрте ескерту жасалғанын жеткізді. WhatsApp желісінде де қауіпсіздікке қатысты тұрғындар тарапынан сын-ескертпелер айтылған. Бірақ оған құлақ асып жатқандар аз. Мысалы, мына кадрлерде басқа тұрғын үйдің балалары темір құлыппен салынып тұрған шынжырды өздері ашып жатқанын көруге болады.
ҚҰБАЙДА БАЙШОЙЫНОВ, ПИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Сол балондарымен мына жерді тапқан. Шлагбауымды ашып, сырғанақ жасап жіберген. Біздің шығатын пандусымыз тіке, жауып тастау үшін құлыптап тастайтындай қақпа жасамақшымыз. Бұл мәселені бірнеше рет көтергенбіз.
Полиция бұл оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Құқық қорғаушылар көлік жүргізушілеріне аула ішінде жол қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертеді.
АРУЖАН БЕКТАСОВА, ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Елордалық полиция жүргізушілерге аула іші аумақтарында аса мұқият болу, жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды, оларға аулалар мен жолдарда қауіпсіз жүру ережелерін түсіндіруді және көлік жүретін жерлерде ойнаудың қауіптілігін үнемі ескертіп отыруды сұраймыз.
Осы оқиғаға қатысты заңгерлердің пікірін сұрап білдік. Қалай дегенмен көлік жүргізушісі жауапкершіліктен босатылмайтынын айтады мамандар. Егер зардап шегуші ауыр жарақат алса, көлік иесі қылмыстық жазаға да тартылуы мүмкін. Бұл медициналық сараптама қорытындысына байланысты болмақ.
НҰРГҮЛ МӘЛІК, ЗАҢГЕР:
— Егер денсаулыққа жеңіл зиян келтірген болса, 40-60 АЕК айыппұл салынады немесе жүргізушінің жүргізуші куәлігінен де айыруы мүмкін. Егер денсаулыққа абайсызда келтірілген зиян айтарлықтай ауқымды болса, бұл жерде қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық 127-бабына орай ата-аналар да балаларына қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ойлау керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда балаларға қатысты 200 мыңға жуық жазатайым оқиға болған. Бұл – жол апаттары, улану деректері, түрлі жарақат. Дәрігерлердің айтуынша, оқиғаның 70% үйде болатын көрінеді.
———————————————