Министр тасқын қаупі жоғары аймақтарды атады

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары биыл тағы да су басу қаупі жоғары өңірлер қатарында. Ел аумағының 71% қар ерімей жатыр. Әсіресе орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың. Ал Қазгидромет наурыз бен сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп болжап отыр.
Солтүстікте боран соғып, көліктер жаппай жолда қалып жатқанда, оңтүстікте қар еріп жатыр. Бір аптаның ішінде ел аумағының 15% қар кетіп болған. Әсіресе Қызылорда, Түркістан және Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қардың еруі қарқынды. Бірақ солтүстік, орталық және шығыс аймақтар мызғымастан жатыр. Жалпы жердің 71% қар астында. Экология министрі бұл аздай, наурызда жауын-шашын айлық нормадан екі және одан да көп мөлшерде түседі деп отыр.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
— Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Ерлан Нысанбаев әсіресе Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары үшін алаңдаулы. Бұл өңірлерде биыл тасқын қаупі жоғары. Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тасқын қаупі орташа. Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары тасқыннан зардап шекпеуі керек.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
— Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі.
Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды да шығара бастаған. Жағдай күрт өзгеретін болса, 2-3 тәулік бұрын ескертуге тиіс. Ерлан Нысанбаевтың баяндамасын тыңдап болған соң, Үкімет басшысы жауапты органдарға тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТР:
— Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін. Қанат Алдабергенұлына жақын арада аталған мәселе бойынша республикалық жедел штабтың отырысын дайындауды тапсырамын.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Олжас Бектенов тасқын бола қалса, халық хабарсыз қалмасын деп ескертті. Ол дабыл қағу жүйесінің жұмысын тексеріп, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
———————————————