Есілде өзенінде мұз жару жұмыстары басталды

Есіл өзенінің Солтүстік Қазақстан облысынан өтетін тұсында мұз жару жұмыстары басталды. Өткен жылдан сабақ алған төтенше жағдайлар қызметінің мамандары биыл бұл шаруаға ерте қамданды. Себебі күн күрт жылынып жаңбыр жауса, қарғын су мұздың үстімен ағып, ауылдарға жайылуы ықтимал. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 62 миллионнан астам теңге бөлінді. Сома былтырғыдан бес есе көп. Ақмола облысынан келген инженерлер қауіптің алдын алу үшін Красный Яр, Долматова, Соколовка, Большая Малышка, Ольшанка ауылы маңында 3 мың шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстарын ұйымдастырды. Бүгінгі күні облыста 116 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр.
ӘЗІМХАН МЕРҒАСЫМОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:
— Мұз жиналып, кептеліс болуы мүмкін деген жерлерде жару жұмыстарын бастап кеттік. Әсіресе өзен бұрылыстарын басты назарға алдық. Биыл Қызылжар ауданында 22 ауыл бақылауда. Олардың барлығы осы Есіл өзенінің бойында орналасқан. Былтыр 18-і су астында қалған болатын.
———————————————