Елдің батысына көктем келіп, су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар басталды. Ақтөбе облысындағы Бозой ауылының көшелерінен еріген суды сорып жатыр. Ал Қарағанды облысында адамдарды қар құрсауынан құтқарып жатыр.
Шалқар ауданының Бозой ауылында күн күрт жылынып, көшеге қар суы жайылды. Қарғын су сорғызылып жатыр. Бұл жұмысқа 24 адам және 16 техника тартылды.
БАҒДАГҮЛ АЯЗБАЕВА, БОЗОЙ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ М.А.:
— Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар үшін қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта Бозойдағы көшелердің барлығы тегіс тазартылды. Тұрғындардан ресми дереккөздерге ғана сенуді сұраймыз және сұрақ болған жағдайда жергілікті әкімдік пен тиісті органдарға хабарласуға болады.
Ал Абай облысының Үржар ауданындағы бірнеше ауыл демалыс күндері қар құрсауында қалды. Үш күн толассыз жауған қар таулы аймақтағы бірнеше ауылды әбігерге салды. Бір жарым метрге жететін қалың сулы қардан ағаштар құлап, электр сымдары үзіліп, 13 елді мекенде жарық сөніп қалған. Мұндағылар үй есігінен аула сыртындағы жолға дейін дәліз жасап алған. Қазір ауыл мен аудан арасында қатынас бар. Жарық та қалпына келіпті.
ТІЛЕУБЕК ҚАБИЕВ, ҚАЗЫМБЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Осы Қазымбет ауылына келгелі 15 жылдан артық уақыт болды. Ауылға қар қалың түсетін. Кейін үш күн қатарынан жауған қар қалың түсті. Бір-екі күндей жол болмай қалды, жарық өшіп қалды. Артынан бәрі қалпына келді. Жол ашық. Малымызға жем-шөп бар.
Қарағанды облысында қатты боранның салдарынан барлық жол жабылды. Тіпті дәрігерлер науқастарға жете алмай жатыр. 77 жастағы зейнеткер Қарқаралы ауданындағы қыстаудан ауруханаға дейін арнайы көлікпен жеткізілді. Облыс жолдарынан барлығы 70-тен астам адам құтқарылды. Сондай-ақ қолайсыз ауа райынан Қарағанды – Астана тасжолында бес жүз автокөлік кептелісте тұрып қалды. Жүргізушілерге полицейлер көмек көрсетіп, көліктерді Теміртаудан Ақмола облысының шекарасына аман-есен жеткізді. Аймақтағы дауыл туралы ескерту ертең де күшінде болады. Мамандар азаматтардан қатты қажеттіліксіз жолға шықпауды сұрайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.