Қазіргі уақыт белдеуінің халық өміріне теріс әсері жоқ

Қазіргі уақыт белдеуінің халық өміріне теріс әсері жоқ. Сауда министрлігі жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Министр Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің денсаулыққа әсерін анықтау үшін қала мен ауылдың түрлі жастағы тұрғынын қамтыдық дейді. Оқушылардың сабақ үлгерімінен бастап, көпқабатты үйлерде қаншалықты энергия тұтынылатыны, еңбек өнімділігі, жол-көлік оқиғалары мен қылмыс – барлығы қырықтан астам көрсеткіш зерттелген. Сөйтіп, бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың өміріне ешқандай кері әсері жоқ деген тұжырымға келіпті.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында – Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00 (таңғы сегізден) 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді.
———————————————