Алматылықтар 7 ғаламшардың таңғажайып шеруін тамашалай алады @TheSevenNews​

Күні ертең жаһан жұрты астрономиялық ғажап құбылыстың куәсі болмақ. «Ұлы планеталардың шеруі» деп айдар тағылған 7 ғаламшардың таңғажайып түзілісін көру бақыты алматылықтарға да бұйырыпты. Алып шаһарда аспан әлемін зерттеп, жұлдыздарды тамашалауға мүмкіндік беретін үш обсерватория бар.
Алматы орталығынан 10 минуттық жердегі обсерваторияға барсаңыз, жеті қат аспан әлеміне енгендей боласыз. Ескі және соңғы үлгідегі телескоптармен танысып, бірнеше миллион шақырым қашықтықтағы өзге планета, комета және астероидтарды жақыннан көруге болады. Мұндағы құрылғылардың ғасырлық тарихы бар. Мәселен, мына телескоптың тұрғанына 120 жыл болса да әлі іске жарамды.
ИЛЬДАНА ИЗМАЙЛОВА, ИНСТИТУТТЫҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Обсерватория аумағында туристердің экскурсиялық қызметіне арналған екі телескоп орнатылған. Соның бірі – Герц. Бұл құнды құрылғы Германиядан әкелінген. Жақын уақытқа дейін біз осы аппаратпен жұлдыздардың спектрофотометрикалық өлшемдерін түсіріп келдік. Ғылыми ізденістерге әлі де қажет дүние.
Ғалымдардың қолданысына берілген екі телескоп та 80 жылдан бері жұлдыздар тізбегін құрауға үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы құрылғылардан алынған цифрлы мәліметтерді отандық және шетелдік астронавттар ғылыми еңбектеріне пайдаланады. Алматы обсерваториясында аспан денелерін бақылап қана қоймай, қолмен ұстауға да болады. Мәселен, мына Сихотэ-Алин метеориті 1948 жылы жерге құлаған кезде салмағы 60 тонна болған. Орталықта сақтаулы 17 келі тартатын бір бөлшегінің өзін қозғалту оңай емес. Атмосфералық кедергілер метеорит бедеріне ерекше өрнек қалдырған.
ИЛЬДАНА ИЗМАЙЛОВА, ИНСТИТУТТЫҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Халық арасында мұны «тот баспайтын қалайы» дейді. Біздің күнделікті қолданып жүрген қасық, шанышқы осы металдан жасалады. Туристер метеорит бөлігін ұстап, суретке түседі. Тіпті арман-тілегін айтатындар болады. Обсерваторияның музейлерден ерекшелігі осы. Бөліндінің сырты қоңыр қаптамамен көмкерілген. Ол метеорит жерге құлаған кезде қатты қызып, металл тотығу процесінен пайда болған.
Ғарыш әлемінің құпиясы мен қызығы мол бұйымдары обсерваторияда жеткілікті. Көк сеңгір тылсымына бойлағыңыз келсе, институттың сайты арқылы экскурсияға жазылсаңыз болғаны. Кіру билеті 3-5 мың теңге аралығы. Ал «Ұлы планеталар шеруін» тамашалағысы келетіндер асығу керек. Ғаламшарлар бір тізбекке 24 сағат қана тұрады.
———————————————