Енді мектептердегі буллингті жасанды интеллект анықтайды

Петропавлда тәртібі нашар оқушыны анықтайтын жүйе іске қосылды. Ол жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. Өтйкені дәл осы өңірде былтырдың өзінде жасөспірімдер арасында 50-ге жуық заңбұзушылық болған. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
Агрессивті мінез-құлық танытып, төбелес шығарғандарды ақылды жүйе бірден анықтайды. Артынша бейнеталдау жасайтын камера 8 секундтың ішінде директордың Telegram-ботына хабарлама жібереді. Соңғы бірнеше айда №25 орта мектептегі жасанды интеллект осындай екі фактіні анықтаған.

СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Қауіпті деген екі жағдайды қарастырдық. Видеоларды анықтап, ата-аналардың наразылығы болмайтындай және балаларды татуластыру мақсатында буллингті алдын ала шештік.
Аталған білім ұясында 800-ге жуық бала оқиды. Олардың қауіпсіздігі басты назарда. 60-қа тарта бейнекамера айналада болып жатқан жағдайды онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Оның 19-ы – жасанды интеллект.
Былтыр аймақта жасөспірімдер арасында 48 заңбұзушылық болды. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан жоба дәл осы Солтүстік Қазақстан облысында алғаш болып жүзеге асырылып отыр. Әзірге құрылғы төрт мектеп пен бір балабақшада жұмыс істеп тұр.
ДИНАРА АНАФИНА, БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өкінішке қарай, 2024 жылы біздің өңір кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтар бойынша қызыл аймаққа енді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылданды. Барлық білім ұясына осы жүйе енгізіледі. Қазір оған қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, ақылды қауіпсіздік жүйесі 35 мектепке орнатылады. Бұл мақсатқа шамамен 70 миллион теңге қаржы қажет. Жалпы бүгінде өңірде 361 білім ұясында 11 мыңнан астам камера жұмыс істеп тұр.
———————————————