Оразаны қалай өткізген дұрыс? Имам жауабы

Мұсылман қауымы үшін ертең айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы басталады. Биыл ол 29 күнге созылады. Бүгін халық оразаға дайындалып, ертеңгі алғашқы ауыз бекітуге қамданып жатыр. Санаулы сағаттан соң мешіттерде тарауық намазы оқылады. Астанадағы Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы оразаны қалай өткізу керек екенін айтып берді.
РУСЛАН НАҚЫПБЕКҰЛЫ, СӘДУАҚАС ҚАЖЫ ҒЫЛМАНИ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:
— Биыл Рамазан айы елімізде 1 наурызда басталады. Наурыздың 26-сынан 27-іне қараған түні Қадір түні деп белгіленді. 30 наурыз Айт намазы оқылады, Айт мерекесі болады. Сонда биыл Қасиетті рамазан айы 29 күнге жалғасады. Осы уақытты тек жақсы амалдармен өткізсек. Менің аузым ораза деп үйді қараңғылап, терезенің бәрін жауып, уақытыңды интернеттің алдында бос нәрсемен өткізу дұрыс емес. Рамазан айының уақытын мешітке келіп, ағайын-туысты зиярат етіп, ауылдағы ата-анамыздың жағдайын біліп, туған-туыстармен байланысты жалғастырып, жақсы амалдармен өткізсек, сол оразамыз шариғаттың талаптарына сай деп есептеледі.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, БАС МҮФТИ:
— Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндейміз. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға асығайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз.
———————————————