Ертең Алғыс айту күні. Кезінде өзге елден жер аударылғандар мейірбандық танытқан қазақ халқына әлі күнге дейін алғыс айтады. Жалпыхалықтық дәстүрге айналған бұл күн Шымкентте ерекше тойланады.
Қазақ пен өзбек ұлтының ұқсас тұсы – еңбекқорлық. Халмурат Турабаев балаларды жас кезінен іскер болуға үйретеді. «Жасты ұрпақты жігерлі етіп өсіру үшін ептілікке баулу керек», — дейді.
ХАЛМУРАТ ТУРАБАЕВ, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
— Балалар өз үйінен көргенін істейді дейді ғой. Мектеп – екінші үй. Сол үшін кабинетке түрлі зат істеп қойғанмын.
Вячеслав Ли төтенше жағдай бола қалса дереу жетеді. Шыққан өрттің себебін анықтау үшін түрлі адаммен тілдеседі. Сол себепті қазақ тілін жақсы меңгерген. Корей ұлтыныің өкілі қазақ қызына үйленіп, бүгінде 4 бала тәрбиелеп отыр.
ВЯЧЕСЛАВ ЛИ, ЗЕРТТЕУ ӨРТ СЫНАҚ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Бала-шағамның бәрі қазір қазақ мектепте оқып жатыр. Қазақстанда туылған соң бәрі қазақ тілін білуі керек деп ойлаймын. Сол кезде Қазақстан да дамиды.
Тигай жанұясы – Қазақстандағы төртінші буын. Екі елдің де дәстүрін ұстанады, барлық мерекені тойлайды.
ВАДИМ ТИГАЙ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
— Біздің дәстүрлі мерекелер мен оны тойлауымыз қазақ халқына өте ұқсас. Біз отбасымызбен қазақ дәстүрін жақсы көреміз. Наурыз мерекесін асыға күтеміз. Осындай мейрамдардың арқасында өзімізге көп дос таптық. Қазақша сөйлеп үйрендік, қазір кәріс тілінен гөрі қазақ тілін жақсырақ білеміз.
Ал бұл – Ескендировтер әулеті. Ұлты ұйғыр болса да, бұл үйде қазақтың әр мейрамы – ұлы той. Алғыс айту күні қарсаңында мерекелік дастархан жайылды.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ – ТІЛШІ:
— Бұл ұйғырлардың ұлттық тағамының бірі «Саңзы» деп аталады. Мерекелік дастарханның сәні. Бүгін Алғыс айту күніне жайылған ақ дастарханның басты асы.
Бұл үйдің төрінде қазақтың да, ұйғырдың да ұлттық аспаптары ілулі. Екі ұлттың да асы дайындалады. Отағасы қазақ пен ұйғырдың қонақжайлылығы ұқсас дейді.
ДИНМУХАММЕД ЕСКЕНДИРОВ, «ҰЙҒЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:
— 1 наурыз Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын. Заманымыз тыныш болсын, жұртымыз аман болсын! Бүкіл қазақстандыққа алғысымды айтамын!
Қазақстанда барлық ұлттың мейрамы тойланып, әр халықтың дәстүрі мен мәдениеті құрметтеледі.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— 1 наурыз – Алғыс айту күнінде халықтар арасындағы бірлік пен достық ерекше мәнге ие болады. Бұл күн – бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп, ортақ үйіміз – Қазақстанда татулықты нығайтатын ерекше мереке.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.