Мұнайлыдан тағы да мұңлы хабар. Маңғыстау облысында бүтін бір отбасы газдан уланып көз жұмды. Өткен аптада ғана дәл осыған ұқсас оқиға туралы хабарлаған болатынбыз. Ақтауға іргелес орналасқан Басқұдық ауылындағы жер үйден ерлі-зайыптылар мен олардың бес баласының денесі табылды. Балалардың ең үлкені 14-те, кішісі — 6 жаста. Оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды.
Осы үйде 10 жылдан бері тұратын отбасының шаңырағына көршісі 2 наурыз күні келгенде жеті адамның ес-түссіз жатқанын көріп, дереу полиция шақырған. Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен кезде бүтін бір отбасының мәйітін тауыпты.
ҚАЙРАТ ӨТЕМІСОВ, ПДБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір өлім себебін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бір айда дайын болады.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған. Жергілікті әкімдік бес баланың әкесі Қазақстанда тұру ықтиярхатымен жүргенін, оның жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтары екенін айтып отыр. Көз жұмған отбасы мүшелері Маңғыстау облысында жерленетін болды.
ЕРБОЛ ІЗБЕРГЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл тек алдын ала нұсқа бойынша айтылып отырған әңгіме газдан улану деген. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қайғылы оқиғаның себебін бүге-шүгесіне дейін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Ал төтенше жағдайлар департаменті қара жамылған үйге бірде-бір маман барып, түсіндіру жұмысын жүргізбегенін растап отыр. Айта кетейік, бұл – бір апта ішінде Мұнайлы ауданында бүтін бір отбасының газдан уланып көз жұмған екінші жағдай.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.