Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды. Құжат қаланың тарихи сәулеттік келбетін қорғауды, сақтауды көздейді. Заң бойынша жергілікті биліктің өкілеттілігі артады.
Енді елдің рухани астанасы Түркістан – ерекше мәртебеге ие қала. Жаңа құжатқа сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы 100 метрлік аймақта 7 метрден жоғары ғимарат тұрғызуға тыйым салынады. Түсі мен құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен сыйыспайтын нысан салуға да жол берілмейді.
Сонымен қатар қолнершілерге субсидия беріледі. Археологиялық жұмыстарды жасауға арнайы резерват құрылады. Бұл жаңалықты түркістандықтар ыстық ықыласпен қабылдады.
ЗКТ: Сарапшылар жаңа құжаттың туризмді дамытуға үлесі мол болатынын айтады. Бұл – экономикаға да әсер етеді.
ЖАНДОС СӘРСЕНБЕКОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
— Республикадан келетін тапсырмалар кей-кездері жергілікті сұранысқа сәйкес келмейтін жағдайлар бар. Ал Түркістан қаласын осындай қателіктерден қорғау – бірінші мәселе. Түркістанның айналасындағы киелі орындарды қамтитын жақсы туристік маршрут жасасақ, бұл қала бюджетіне, республика бюджетіне де үлкен кіріс алып келер еді.
Құжат жергілікті билікке бірқатар жаңа өкілеттілік береді. Түркістан мәслихаты енді дизайн код енгізіп, мүгедектігі бар адамға қолжетімді инфрақұрылым мен инклюзивті туризм құруы қажет. Айта кетейік, Түркістан қаласында 234 мыңнан аса тұрғын бар. Рухани астанаға өткен жылы 750 мыңнан астам турист келген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.