Жасанды интеллектің көмегімен аудио, сурет немесе видео жасап, оны алаяқтық мақсатта пайдаланғандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл мәселе қазір «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы аясында талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаттарын «Жасанды интеллект бәрімізді жұмыссыз қалдырмай ма?» деген сұрақ толғандырды.
Депутат Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллект елдегі жұмыссыздық мәселесін одан сайын ушықтыра ма деп қауіптенеді. Оның айтуынша, Үкімет ресми санын азайтып көрсеткенімен, қазір елде шамамен 1 млн адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. «Енді олар жұмыс үшін жасанды интеллектімен бәсекеге түсуге мәжбүр бола ма», — деп алаңдайды мәжілісмен.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер ететінін жақсы түсініп отырмыз. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша, жасанды интеллект әлем бойынша 90 млн жұмысшының орнын басады. Біз бұл мәселені қалай реттейміз? Қазақстанда жұмыссыздық деңгейін Үкімет төмендетіп отыр. Шын мәнінде, жұмыссыздар саны 12-13%. Бұл – шамамен 1 млн адам. Егер жасанды интеллект кейбір сала мамандарының жұмысын істейтін болса, жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін.
Ал Анас Баққожаев жасанды интеллектіден қорқатынын айтты. «Ол бәрімізді интеллектуалдық деградацияға ұшыратады», — деп дабыл қаққан депутат оны пайдалануды шектеуді талап етті.
АНАС БАҚҚОЖАЕВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Өткен жолы бір шенеунік ChatGPT дегенге өзінің материалдарын салып отыр. Сондағы оның мақсаты бастығым тезірек басымнан сипаса екен дейді. Берілген тапсырманы тезірек орындап, миының қатпарын қозғағысы келмейді. Бұл «алма піс, аузыма түс» деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал енді ChatGPT ар жағында кім бенефицар, ол материалдарды жинап, оны ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл?
Депутат Дәулет Мұқаев ChatGPT қолдануды оқушыларға тыйым салу керек деген пікірде. «Сұрағаныңды бір секундта тауып беретін ақылды құрал балаларымыздың миын шектеп, ойлау қабілетін тежеп жатыр», — дейді депутат.
ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қазірдің өзінде мектеп оқушыларының арасында ешқандай тапсырманы орындамай, осы жасанды интеллектіні қолданып үй жұмысын орындайды. Менің ойымша, бұл жерде студенттерді, ересектерді айтып жатырмыз, бірақ мектеп жасындағы оқушыларға қандай да бір шектеу қойылуы керек секілді. Егер шектеу қоймаса, ертеңгі күні сол оқушыларымыз студент болады, еңбек нарығына араласқан кезде соның зардабын біз 20 жылдан кейін көреміз.
Заң жобасын таныстырған Екатерина Смышляева: «Жасанды интеллект жұмыссыз қалдырады деп даурығудың жөні жоқ», — дейді. Тек тез арада білім беру жүйесін жасанды интеллектіге ыңғайлау керек деген пікір білдірді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Кейбір салаларда жұмыс орны қысқаруы мүмкін, бірақ оның орнына жасанды интеллект құратын басқа жаңа жұмыс түрлері пайда болады. Сонда жұмыс орны әрі кетсе 7-10% азаяды. Бірақ бұл жұмысты істеу үшін жаңа дағдылар қажет болады. Сондықтан біз алдағы бес жылда қызметкерлердің жартысын қайта оқытуымыз керек.
Жасанды интеллектің көмегімен аудио, сурет немесе видео жасап, оны жалған ақпарат тарату үшін пайдаланса, нақты қандай жаза қолданылатыны әлі шешілмеген. Қазір тек алаяқтық немесе біреудің абыройына нұқсан келтірген дипфейк үшін жауапкершілік бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.