Қостанайда фарфор бұйымдарының көрмесі ашылды

Қостанай тарихи-өлкетану музейінде фарфор бұйымдарының көрмесі ашылды. Өте сирек кездесетін жәдігерлер зейнеткер мен мектеп оқушысының жеке коллекцияларынан алынған. Қос дәуір өкілінің талғамы әртүрлі болғанымен таңдауы бір. Көрмеге ыдыс-аяқтан бөлек жан-жануар мен тарихи тұлғалардың мүсіні қойылған. Керамикалық көркем туындылардың әрқайсысы сыр бүгіп жатыр. Мұражай қызметкерлері: «Атадан балаға мирас болған бұйымдарға зер салсаңыз, кенен тарихқа көз жүгірткендей боласыз», — дейді.
12 жастағы Давид Нұрмұхамбетовтың коллекциясында қазір 700-ден аса жәдігер бар. Рухани байлығының ең көнесі – 1930 жылы Германияда жасалған майлық салғыш. Мәні мен маңызы ерек заттардың ішінде биші арудың бейнесі де еріксіз назар аудартады. Көрмені тамашалаған сарапшылар Екінші дүниежүзілік соғысына дейін жасалған мүсіндердің басым көпшілігіне қайталанбас туынды ретінде баға беріп отыр.
ДМИТРИЙ ШУМИЛИН, АНТИКВАРИАТ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:
— Суға шомылып болған арудың мүсіні – өте сирек туынды. Бұл – ленинградтық фарфор зауытының туындысы. Аз данамен шығарылғандықтан бүгінде қымбатқа бағаланады. Осы саламен айналысқан 3 жыл ішінде мұндай жәдігер алғашқы рет кездесіп отыр.
ИРИНА ТИЫШТЫҚПАЕВА, ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БАС САҚТАУШЫСЫ:
— Қостанайлықтардың қызығушылығы жоғары. Көрмеге көбіне егде кісілер бас сұғады. Олар әр мүсінге бар ынтасымен қарап, өздерінің балалық шағына саяхат жасағандай болады. Сатылымда кездесе бермейтін туындылар көрмесі наурыздың ортасына дейін ашық.
———————————————