Ақтөбеде оқушының өліміне қатысты сот процесі басталды. Өткен жылдың қыркүйек айында Темір ауданының Қопа ауылында 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдық бір мектепте оқыған балалардың қолынан қаза тапқан еді. Іске қатысты кәмелетке толмаған 6 жасөспірім айыпталып отыр. Олардың бірі «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа берілді. Қалған бесеуіне «Бұзақылық» бабы бойынша және қылмысты ұйымдастырғаны үшін айып тағылды. Сондай-ақ сот залында оқиғаға куәгер 12 оқушы жәбірленуші ретінде қатысты. Бұған дейін қайтыс болған жасөспірімнің туыстары ауыл мектебінде әлімжеттік пен қорқыту жағдайлары бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтқан. Қоғамда резонанс туғызған процеске баланың жақындары журналистердің қатысқанын қалағанымен, сот жабық жағдайда өтті.
МЕРЕКЕ ҚАЛДЫБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:
— Жедел жәрдем де шақырмаған. Тіпті ата-анасына да хабар бермеген. Бір бала: «Нұржанды қаттырақ ұрыңдар, мен өзім жауап беремін», — деген. Біз сот отырысының жабық түрде қаралғанын қаламаймыз. Сот міндетті түрде ашық түрде әділ өтуі керек деп ойлаймын. Бұл – қазіргі жасөспірімдердің арасында болып жатқан қоғамдағы ең үлкен мәселе. Бұндайға біз тосқауыл қоя білуіміз керек деп ойлаймыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.