«Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасымен қоныс аударғандар үй бағасын асыра көрсеткен

Солтүстік Қазақстан облысында біраз былық ашылды. «Оңтүстіктен Солтүстікке» қоныс аудару бағдарламасымен берілетін өтемақыны барынша көп алу үшін пысықайлар тұрғын үй бағасын құжатта асыра көрсеткен. Осылайша, 11 миллионнан астам теңге шығын шықты. Айыртау, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов ауданындағы 3 адам сот үкімімен бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан шектелді. Мұнымен қоса «Еңбек» бағдарламасымен қоныс аударып, субсидия алған соң қайта көшіп кеткен 600 адам белгілі болды.
ВЕРОНИКА ГАНОЛЬ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
— Бұл жандарға 103 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілген. Алайда жергілікті атқарушы орган өкілдері оны қайтаруға әрекет жасамаған. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес, 25 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 19,1 миллион теңге көлеміндегі қаражат өтелді. Қалған сомаға талап-арыздар сотқа беріліп, қаралуда.
———————————————