ШҚО-да шалғай аудан тұрғындары жаппай онкологиялық тексерістен өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандары тұрғындары жаппай онкологиялық тексерістен өтіп жатыр. Бұл – қатерлі ісіктің алдын алуға арналған шара. Таулы аймақтағы ауылдардың кейбірінде аурухана жоқ, тек фельдшерлік пунктілер бар. Скринингтің алғашқы күндерінде Марқакөл, Зайсан, Катонқарағай және Тарбағатайдан келген жүздеген ауыл тұрғыны маммологтың қабылдауында болып, замануи ультрадыбыстық зерттеу мен томография жасатты. Былтыр Өскемендегі онкология және хирургия орталығында 10 мыңға жуық пациент ем алды. Ал қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 2% азайды.
ГҮЛМИРА САҒИДУЛЛИНА, ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Өткен жылы үш ауданды қамтыдық. Биыл тағы да екі ауданның әйел тұрғындарын тексеріп жатырмыз. Ерлер қауымын да бөліп-жармай толық тексерістен өтуіне мүмкіндік беру жоспарда бар. Өйткені шалғай ауданның біразында диагностикалық тексерістен өтетін құрылғы жоқ.
———————————————