Үкімет тұрғын үй құрылысына 500 млрд теңге бөліп жатыр

Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір ұлғайтады. Министрлер кабинеті мұны «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге көбейтуден бастап отыр. Қомақты қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, көлік инфрақұрылымын жақсартып, коммуналдық саланы жаңғыртуға бағытталады, деді Ұлттық экономика министрі. Ол тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығынан да ақша аяп отырған жоқ.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Үкімет биыл тұрғын үй құрылысына 500 млрд теңге бөліп жатыр. Бұл ақшаға 19 млн шаршы метр пәтер салынуға тиіс. 80 млрд тг «Отбасы банкінің» ипотекасына беріледі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі: «Бұның 300 млрд теңгесі жалға берілетін 21 мың пәтерді сатып алу үшін керек», — дейді. Тағы 120 млрд теңге жаңа үйлерге коммуникация желілерін тарту үшін қажет. Қалғаны «Отбасы Банкінің» «2-10-20», «5-10-20» ипотекалық бағдарламаларына жұмсалмақ. Қаражат «Бәйтерек» холдингі арқылы таратылады.
РУСТАМ ҚАРАҒОЙШИН, «БӘЙТЕРЕК» ҰБХ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Біз қаржыландыру көлемін ұлғайтсақ та, импорт тауарлар да ұлғая береді. Бұл – бір жағы. Бүкіл құрал субсидияланбайды, тек 1-2 жолы бар. Бір жолы, 1 млн шаршы метр 300 млрд жібереді деп айтылды ғой. Бұл – жалға берілетін пәтерлер.
Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін ақша да аз емес – 700 млрд теңге. Оның 206 млрд теңгесін шаруалар алып та болған. Ауыл шаруашылығы министрі биыл 8 млн гектарға егін саламыз деп отыр.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Көктемгі егіс жұмыстарына ұқсас мал шаруашылығы үшін айналым қаражатын толықтыруға 50 млрд теңге сомасында жеңілдетілген қаржыландыру енгізіледі. Айналым қаражатына арналған қаржыландыру көлемінің ұлғаюын ескере отырып, шаруалардың коммерциялық кредиттері бойынша ставканы субсидиялауды алып тастау ұсынылады.
Кредит демекші, Үкімет басшысы экономиканың нақты секторын қаржыландыруда басты рөлді екінші деңгейлі банктер атқаруға тиіс екенін еске салды. Олжас Бектенов: «Мемлекеттік қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестік саланың дамуына кедергі келтіреді», — деді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Банктер қысқамерзімді әрі тәуекелі аз несие бергенді дұрыс көреді. Ал нақты секторға қолжетімді және ұзақмерзімді қаржы ресурстары қажет. Мемлекеттік даму институттары жобаларға негізінен өздері қаржы бөліп келеді. Бұл банктердің нақты секторға деген қызығушылығын төмендетеді. Экономиканың нақты секторын қаржыландыруда басты рөлді екінші деңгейлі банктер атқаруға тиіс.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Қатаң үнемдеуге көшкенімен Үкімет биылғы Астана экономикалық форумын өткізуден бас тартпайды. Экономика вице-министрі: «Бұл шараға бюджеттен бір тиын да бөлінбейді, толықтай демеушілердің қаржысына өтеді», — деді.
———————————————