Биыл 1200-ден астам ауыл су астында қалуы мүмкін. Елдегі бір мың 395 гидрологиялық нысанның 564-і жөндеуді қажет етеді. Жиырмасы апаттық жағдайда. Сондықтан жер-жерде қауіпсіздік шаралары қолға алынып жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 250-ге жуық эвакуациялық пункт әзірленіп, жедел штаб жұмысын бастады. Ал гидрологтар Есіл өзенінде мұз қалыңдығы мен су ағысын өлшеуге кірісті.
Инженер-гидрологтар әр бес күн сайын Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын өлшеп, ағыстың жылдамдығын анықтайды. Бұл шаруа күн жылынып, мұз көбесі сөгілгенше жүргізіледі. Осылайша мамандар тасқынға байланысты болжам жасайды.
Бұл – Петропавл қаласы маңы. Кей жерде ол 90 сантиметрге дейін жетеді. Қазір Ғабит Мүсірепов, Есіл, Шал ақын, Қызылжар ауданы мен облыс орталығында қауіп басым. Яғни күн күрт жылынса, өзендегі мұз кептелуі мүмкін.
ДӘУРЕН ҚОШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Көктем жылы әрі жауын-шашынды болады. Қардағы ылғал қоры аз емес. Жаппай ерісе, ойпаң жерде орналасқан ауылдарда жағдай қиындайды. Сергеев қоймасына шамамен 3,1 миллиард текше метр су жиналады. Бұл шамадан екі есе көп. Бірақ былтырғы деңгейге жетпейді.
Аймақта 22 гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. 116 ауыл бақылауға алынды. Оның 40-ы осы Есіл өзенінің бойында орналасқан. Жалпы биыл тасқынға қарсы жұмыстарға бюджеттен 2,5 миллиард-тан астам теңге бағытталып, жедел штаб жұмысын бастады.
ӘСЕТ ШАЙКИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Өңірде 249 эвакуациялық пункт әзірленді. Ол 17 мың адамға арналған. Азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу үшін арнайы келісімшарт жасалды. Жалпы қазір барлық ауданда тасқынға дайындық қызу жүріп жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінге дейін ауылдардан 800 мың текше метр қар шығарылған. Ал наурыз айының үшінші он күндігінен бастап, өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Жалпы республика бойынша 1 200-ден астам ауыл қауіпті аймақта тұр. Оларды қорғау үшін 576 шақырым топырақ үйіндісінен бөгет салынды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.