Жаяу жүруден басқа амалы жоқ. Алматы жұрты автобусты сағаттап күтуден шаршаған. Әсіресе кешқұрым қоғамдық көлік уақытылы жүрмей сарылтады. Жергілікті билік бұл мәселені шешуге тырысып-ақ бағуда. Алайда жыл санап кеңейіп, халқы көбейіп келе жатқан мегаполис ілестірер емес. Сондықтан кейбірі бір аяғын іліндірсе де, есігі ашық автобуспен діттеген жеріне жетуге тырысады.
Әр жұмыс күні таңертең және кешке Алматының барлық ауданында қара жарыс басталады. Кімнің жолы болатыны салымына байланысты. Өйткені аузы-мұрнына лық толы автобусқа бір аяқпен ілініп, жұмысқа жету және үйге қайту үлкен қиямет.
Бір автобусқа уақытылы ілікпей қалса, бір күні зая кетеді. Алматының шалғай аудандарында тұратын азаматтардың көрген күні осы. Күллі уақыты қоғамдық көлікті сарыла күтумен өтеді.
ЖАНАР ТҰРЫМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Көбіне таксимен жүремін. Мына жерден 120 теңге тұратын жерге 500-600 теңгеге барамын, сол үшін тәртіп болсын деп сұраймыз.
Әкімдік өкілдері автобустың сирек қатынайтынын біледі. Көп ұзамай, қоғамдық көлік тұрағын кеңейтіп, ірі даңғылдарда автобус жолағын қосуды, экспресс көлікке арналған жол салуды жоспарлап отыр. Жалпы, бұл мәселе үнемі назарда. Мәселен, екі жыл бұрын 1,5 мыңнан астам жаңа автобус пен екі жүзге жуық троллейбус сатып алынған.
АЗАМАТ ЕШАНҚҰЛОВ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— 2025 жылы 600 автобус және 200 электроавтобус алу жоспарлануда. Қоғамдық көлікке байланысты тағы да жұмыстар атқарылуда. Райымбек даңғылында БРТ салу жоспарымыз бар, осы жылдың наурызынан жұмыс басталады.
Қала билігі қоғамдық көлік санын көбейту, автобустың жүру жиілігін арттыру және тұрақты жаңартуға тырысып бағуда. Бірақ әзірге мәселе түбегейлі шешілер емес. Қала тұрғындары аялдамада автобусты әлі де сағаттап күтеді. Сондықтан мамандарға жолаушы тасымалы мәселесін шешудің тың тәсілін қарастыру қажет секілді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.