«Тендер алуды үйретемін» деп халықты алдаған коуч сотталды @TheSevenNews​

«Тендер алуды үйретемін» деп 18 адамды алдап кеткен коучқа Талдықорған соты шешім шығарды. Ол жұрттан жинап алған 6,5 млн теңгені түгел қайтаруға тиіс. Бірақ ол бұдан кейін үйреншікті кәсібін әрі қарай жалғастырмай ма? Жалған коучтардың қызметіне қалай тосқауыл боламыз? Мәжіліс депутаттары бұл саланы реттеудің бірнеше жолын ұсынып отыр.
Жұлдыз Ыдырысова баламен үйде отырып табыс тапқысы келген. Сөйтіп, Инстаграмда тендер алуды үйрететін коучқа тап болған. «Оқимын» деп бес ай ойланып, ақырында курсқа жазылып, ақшасын төлеп қойған. «Алғашқы екі сабағын өткізген коуч кейін түрлі сылтау айтып, артынан дәріске мүлдем келмейтінді шығарды», — дейді зардап шегуші.
ЖҰЛДЫЗ ЫДЫРЫСОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— 500 мың теңгені Home Credit банкінен несие алып, сол кісіге апарып бердім. 2-3 сабағынан кейін түсінікті болды, ол – алдамшы дүние екен. Өйткені ол кісі сабақты дұрыс өткізген жоқ. Өз жұмыстарымен жүрді. Түсініксіз жағдайлар болды. Сосын мен ол кісіге айта бастадым: «Сізге 500 мың теңге әкеліп бердім, сіз сөзіңізде тұрмадыңыз дегенде, ол кісі мен сізбен жұмыс істемеймін, баратын жеріңізге бара беріңіз», — деп мені кабинетінен шығарып салды.
Тендер бойынша сарапшы ақшаны қайтармаған соң, Жұлдыз секілді алданған Алматы, Астана, Қостанай тұрғындары – барлығы 18 адам Талдықорғандағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар олардың атынан коучты сотқа беріпті. Сот коуч жұрттан алған жалпы сомасы 6,5 млн теңгені қайтарып берсін деп шешім шығарды.
ШЫҢҒЫС ДИҚАНБАЙ, ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
— Жауапкер «Ясина» жеке кәсіпкер Балжан Ғабиденовна Сыздықбаевадан жеке тұлға Жұлдыз Нұрланбековна Идрисованың пайдасына жалпы сомасы 450 мың тг материалдық зиянның өтемі өндірілсін.
Өзін бизнес, қаржы, тендер бойынша сарапшымын деп таныстыратын тырнақшаның ішіндегі мамандар әлеуметтік желіде өріп жүр. Оларға табынып, аузынан шыққан әр сөзіне құдайындай сенетін, өмірімді бір сәтте гүл қылады деп қалтасындағы соңғы тиынын санап беретін жұрт аз емес. Артынша айтқаны болмай, шағымданып, шу шығаратындар одан да көп. Мысалы, былтыр сабағы сапасыз болды деп 600-ден астам адам түрлі коучтің үстінен арыз түсірген. Бұл жайт Мәжіліс депутатын алаңдатып отыр. Динара Наумова: «Жосықсыз коучтардың қызметін реттейтін кез келді», — дейді.
ДИНАРА НАУМОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Біріншіден, коучтар, тренерлер мен осы саладағы түрлі маманды аккредиттеу және сертификаттау жүйесін жасап шығару керек. Екіншіден, сертификаты бар мамандардың бірыңғай реестрін құру керек. Бұл тізімді еліміздің әр азаматы қарай алатындай қылу керек.
Салада адал табыс тауып жүрген мамандар коучтар қызметін заңмен қадағалауды қолдайды. «Нарық алаяқтардан тазарар еді», — дейді бизнес-жаттықтырушы Ержан Нұрғалиев. Алайда ол шектен тыс бақылау жұртқа шын мәнінде көмектесіп жүрген кәсіби тренерлердің жұмысын, керісінше қиындатып жібере ме деп те алаңдайды.
ЕРЖАН НҰРҒАЛИЕВ, БИЗНЕС-ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Қазақстанда басқа елдердегі секілді бизнес-коучтардың қызметін мемлекет реттемейді. Бірақ сертификатын кәсіби орта мойындайтын халықаралық сертификаттау ұйымы бар. Біздің елде қазір сертификаттау жүйесі енгізілсе және бұл құзырет мемлекеттік мекемеге берілсе, онда ол монополия мен бақылау құралына айналуы мүмкін. Бұл сыбайлас жемқорлыққа және лицензияны тек ақшаға сатып алатын жағдайға әкеп соқтырады. Нарықты алаяқтардан қорғаймыз деп кәсіби мамандарды жоғалтып алмайық.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Коучтар заңы әзірленіп, қабылданғанша, халық «оқимын, сабағын аламын» деп бекінген маманның курсын сатып алмастан бұрын оны жан-жақты зерттеп алғаны жөн. Сертификатын сұрап, ақшасын төлеген кезде түбіртек талап етуі керек. Бастысы, курстың жер жарған жарнамасына алданбаған жөн. Тәжірибе көрсеткендей, жарнамасы зор коучтың айтары аз.
———————————————