Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын аяусыз соққыға жыққан @TheSevenNews​

Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын аяусыз соққыға жыққан. Бұзақылар бұл жауыздық әрекетті телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зәбір көрген жеткіншекпен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал тәртіп бұзғандар арнайы есепке қойылды. Енді олардың тәртібін кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссия қарайды.
ДИНАРА ЕРБОЛҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Әлімжеттік жасаған жасөспірімдер дәл осы мектепте оқыған. Қазір кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия құрылып, олардың әрі қарайғы тағдыры мен тәртібі талқылануда. Бұзақылық жасаған оқушыларды мамандандырылған мектепке беру мәселесі шешілмек.
Жанжал №9 мектептің алтыншы және жетінші сынып оқушылары мен №15 мектептің төртінші сынып оқушысы арасында болған. Жасөспірімдер бір оқушыны кісі қарасы аз жерде аяусыз тепкінің астына алған. Әбден мазақ етіп, артынан тізерлеп кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Осының барлығын телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Зәбір көрген балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал бұл оқиға басқа ата-аналарды бейжай қалдырған жоқ.
БОЛАТ ЖҮНІСБАЕВ, АТА-АНА:
— Біз өзіміздің балаларымыз үшін алаңдаймыз. Үнемі мектептен күтіп аламыз. Бұл жағдайдан кейін тіпті қорқатын болдық. Балалардың мұндай қатегіздікке баруы қорқынышты. Заңға сәйкес жазаларын алса дейміз.
АЛЁНА КУШНЯРОВА, АТА-АНА:
— Мен бұл видеоны көргеннен кейін түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бұл балалардың қатыгездігі сұмдық… Баланың тәрбиесіне қашан да бірінші кезекте ата-ана жауапты деп ойлаймын.
Төбелеске қатысқан жасөспірімдер түгел ұсталып, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл зардап шеккен оқушымен жұмыс істеп жатыр. Сот-медициналық сараптама жасалды. «Қазір баланың жағдайы тұрақты», — дейді мамандар.
ӘСЕМ НҮСКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда біздің тарапымыздан барлық психологиялық қолдау жұмысы балаға көрсетіліп жатыр. Баланың жағдайы қалыпты. Заңды өкілдерімен байланыстамыз. Бала үйде.
Осы оқиға бойынша қалалық және облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда бұзақылық жасаған жасөспірімдерді арнайы мамандандырылған мектепке ауыстыру мәселесі қаралды. Қорытындысын алдағы уақытта хабарлаймыз.
———————————————