Балуан ауылының жерін бәзбіреулер сыртынан сатып жіберген. Халық әділдік іздеп әлек @TheSevenNews​

Балуан ауылының тұрғындары ұлтарақтай жер үшін жанжалдасып жатыр. Олардың үлесін бәзбіреулер сыртынан сатып жіберген. Енді ауыл азаматтарына тиесілі 4 мың гектардан асатын жер жекенің қолында.
Бір кездері жүзден астам шаңырақ түтін түтеткен Балуан ауылының бүгінгі сиқы адам шошырлық. Осыдан 15 жыл бұрын пысықайлар жалған құжат жасап, 286 адамға тиесілі 4 мың гектардан астам жерді халықтың рұқсатынсыз банкке кепілге қойған. Артынша мүлдем сатып жіберген. Салдарынан айрандай ұйып отырған ауылдың берекесі қашып, шаңырағы ортасына түсті. 360 балаға арналған мектептің есігіне құлып ілінді.
ТОРҒЫН ӘБДІРАХМАНОВА — БАЛУАН АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ:
— Мектеп жабылды. Енді қаңырап, құр ғимараты ғана тұр. Прокуратураға да, сотқа да бәріне барып жүрміз. Соның ішінде мен бір жерде де әділдік көрген жоқпын.
Алаяқтардың 4300 гектар жерді 25 миллион теңгеге сатып жібергенін жергілікті жұрт 2020 жылы естіген. Содан бері бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.
ДИҚАН КӘРІШАЛОВ — БАЛУАН АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ:
— 2021 жылдан бастап соттасып жатырмыз. Нәтиже жоқ. Мынау Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық сотының төрағасы ұсталды. Екінші соттың төрағасы да жемқорлықпен ұсталып жатыр. Сондықтан біз соттан ешқандай жақсылық күтіп отырған жоқпыз.
Айта кету керек, соңғы төрт жылда балуандықтар жердің заңсыз сатылғанын дәлелдеп төрт сотты ұтқан. Бірақ сол күйі жерді қайтара алмапты.
ӘСЕЛ МЕРЖАҚЫП, ЗАҢГЕР:
— Хаттамалардың барлығы заңсыз деп танылған. Шарттар жарамсыз деп танылған. Алайда жоғары соттың ықпалы негізінде бұл шешімдер күшін жойып, қайта қаралуға жолданған. Бұл жерде қылмыс құрамының бар екені айқын.
Шартты жер үлесінен айрылған тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік өкілдерінен де көмек жоқ. Мән-жайды білмек болып әкімдіктегілерге хабарласқан едік. Олар бұл іске араласа алмаймыз деп қысқа қайырды.
СӘТ ЖАМАНТАЕВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Бұл мәселе, әрине, күрделі. Балуан ауылының мәселесі азаматтық–құқықтық қатынастар болғандықтан, мемлекеттік орган жеке тұлғалардың істеріне араласуға құқығы жоқ. Тек сот шеше алады. Бірақ қажет болған жағдайда біз заңгерлік кеңес түрінде қолдау көрсетуге дайынбыз және көрсетіп те жүрміз.
Ал жерді сатқан адамдар барлық құжаттың түпнұсқасын жойып жіберген көрінеді. Өйткені архивтен оның көшірмелері ғана табылыпты.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ – ТІЛШІ:
— Сайда тасы, құмда ізі жоқ құжатты табу мүмкін емес. Сондықтан амалы таусылған жұрт бұл мәселеге қатысты республикалық-ведомствоаралық комиссия құруды талап етіп отыр.
———————————————