Лифтіде 5 жасар балаға шабуыл жасаған 14 жасар жеткіншек санитарлық қызметкерден жәбір көрді. Құзырлы мекемеге шизофрениямен ауыратын баланың анасы шағымданды. Бұл оқиғаға қатысты сот медициналық сараптама тағайындалды. Психологиялық диспансер мамандары ұрып-соғу дерегін растамай отыр.
5 жасар баланың бетін тілгілеген жасөспірімге санитардың күш қолданғанына қатысты ақпарат қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 14 жасар жеткіншек анасына мекемеде екі рет соққыға жығылғанын айтқан. Бұл оқиғаны өзінің инстаграм парақшасында ерекше балалар ата-аналары одағының жетекшісі жариялады.
ГҮЛСАН МАУИНА, ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА АНАЛАРЫ ОДАҒЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:
— Психологиялық орталық санитары баланы басынан ұрған. Қолынан ұрған, саусағы ауырды, басы ауырды. Бүгін де ауырады деп басын көрсетті.
Гүлсан Мауинаның сөзінше, шизофрения дертімен ауыратын 14 жасар жеткіншектің анасы бірден құзырлы органға шағымданған. Бұл дерек бойынша барлық дәйек тексеріліп жатыр.
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Кәметелке толмаған баланың денсаулығына зақым келтіру дерегі бойынша тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр. Бұл дерек Алматы аудандық полиция басқармасында тіркелді. Оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады».
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Психологиялық диспансер қызметкерлері шизофрениямен ауыратын баланың соққыға жығылғанын жоққа шығарып отыр. Ал бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама жүргізіледі.
Дәрігерлердің айтуынша, баланы медициналық тексеру барысында денесінінен ұрып-соғу белгілері байқалмаған. Сонымен қатар жасөспірімнің емдеу мекемесінің үшінші қабатынан секіргені туралы ақпараттың да расталмағанын айтады.
АЛМАГҮЛ АЙТЖАНОВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕР ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ол жөнінде мамасынан шағым түсті. 102 қызметкері келді. Кезекші дәрігермен сол күні баланы қараған. Дене бітімінде ешқандай өзгерістер байқалмаған. Ұрған-соққанның белгілері анықталмаған. Әркім өзінің фунционалдық міндеті бойынша жұмыс істеген, ешкім баланы ұрмаған. Ешқандай іс-қимыл жасалмаған. Оның бәрі бекер айтылған сөз деп ойлаймын.
Психологиялық диспансер орталығында болған оқиғаға қатысты лифтіде зардап шеккен 5 жасар баланың адвокаты Динара Шәмшенова да өз пікірін білдірді.
ДИНАРА ШАМШЕКОВА, АДВОКАТ:
— Мекемеде болған бұл оқиға әдейі жасалды деп айта алмаймын. Ол үшін құзырлы орган өкілдері бар. Олар тергейді, тексереді. Егер шын мәнінде зорлық-зомбылық деректері анықталып жатса, кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Өйткені кім болса да жәбір көрмеуі керек. Маған жақында ерекше балалар ата-аналары одағының жетекшісі хабарласты. Күдіктінің анасы қазір қатты уайымдап, қиналып жатқанын айтты. Бірақ адвокатқа қоңырау шалу дұрыс емес. Екінші тарапқа көрсетіліп жатқан эмоционалдық қысым деп есептеймін.
Еске сала кетейік, Астанада жасөспірім лифтіде 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеген. Күдікке ілінген жасөспірім оқшауланып, психоневрологиялық диспансерге жатқызылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.