Ақтауда мектеп оқушысын үш бірдей қатарласы оңдырмай ұрған. Басына қан құйылып, миы шайқалған бала қазір ауруханада жатыр. Ал 9-сынып оқушысына жабылған жасөспірімдер полицияның профилактикалық есебіне алынатын болды.
9-сынып оқушысының туыстары жасөспірімді мектептен шыққан бойда жабылып ұрған деп отыр. 15 жастағы баланы тепкінің астына алып, темір кастетпен де соққы жасаған. Ал бала өзін ұрған қатарластарын танымайтынын айтыпты. Мектеп директоры жәбір көрген оқушының бұл оқу ордасына 19 ақпан күні ауысып келгенін хабарлады.
НӘЗИРА АҚБЕРЖАНОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Көрші сыныптағы оқушылармен келіспей қалуына байланысты 15 үйдің қасында осындай жағдай болып қалады. Жасөспірімдер себебін айтпай отыр. Мектепішілік есепке алдық. Психологтармен сөйлестік. 11 шағын ауданның инспекторын шақырып, баламен де, ата-анамен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары төбелеске қатысқан оқушыларды анықтап, ата-аналарымен бірге полицияға жеткізген. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Кәмелетке толмағандар полицияға ата-аналарымен бірге жеткізіліп, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар ата-аналарын немесе заңды өкілдерін жауапқа тарту туралы мәселе қаралады. Барлық кінәлі профилактикалық есепке алынады».
Полиция өкілдері іс материалдарын кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолдамақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.