А. Аймағамбетов: Дарынды оқушыларға ақшалай сыйақы беру керек @TheSevenNews​

Спортшылардан несі кем? Мәжіліс депутаттары ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен жеткіншектер мен олардың ұстаздарына сыйақы беру туралы бастама көтерді. Оның мөлшері – 6 миллион теңге. Бұл ақша дарынды балаларды ғылыммен айналысуға ынталандырады деген үмітпен мәжілісмендер заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Білімге құштар балалар елімізде төрт жылдан бері ақшамен ынталандырылып жүр. Олар – негізінен олимпиада жеңімпаздары. «Енді бұл тізімге халықаралық, беделді ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен оқушыларды да кіргізейік», — дейді төменгі палата депутаттары алдында заң жобасын таныстырған Асхат Аймағамбетов.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мысалы, бірінші орын алса, 6 млн жуық ақша, оны жеңімпаздарымыз бірмезгіл алады. Ұстаздарына келетін болсақ, бірінші орын алып, оны дайындаған ұстазымыздың 500 мыңға жуық бірмезгіл сыйақы алуға мүмкіндігі бар. Жылына 10-15 бала деген көп емес. Ең мықты балалар сондай мүмкіндікті алады. Бұған қосымша қаражат қажет етілмейді. Министрліктің бюджеті шеңберінде қарастырылады.
Депутаттар «алты жасқа толды» деп балабақшадан дереу шығарылатын бүлдіршіндер мәселесіне де тоқталды. Ата-аналар шағымданған. Сондықтан мәжілісмендер мұндай балғындар 1 тамызға дейін бақшаға барсын деген норманы заңға енгізбек.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бала, мысалы, сәуірдің онында алты жасқа толса, онда кейбір балабақшалар оны сәуір айында қабылдамай қояды. Мектепке барайын десе, әзірге бере алмайды. Сондықтан оны қай жерге апарады деген мәселе туындайды. Осыған байланысты депутаттар дәл осындай норманы енгізді.
Депутаттар заңға қосуды ұсынып отырған тағы бір өзгеріс – мемлекеттік грант бойынша оқыған кейбір түлектерді грант өтеу міндетінен босату. Атап айтқанда, ерекше баланы тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедекке күтім жасайтын мамандарға жеңілдік жасалмақ. Жаңа заң жобасында кітапханаларда мәдени-білім беру шараларын ақылы өткізуге рұқсат беріледі. Түскен ақша кітапхананың шығынын өтеп, жаңа кітап сатып алуға жұмсалады деген ой бар.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА – ТІЛШІ:
— Депутат Асхат Аймағамбетов оқушыларға мектепте оқып жүріп, жұмысшы мамандығын меңгеруді ұсынып отыр. Оның айтуынша, түске дейін сабаққа барған бала түстен кейін колледжде сантехник, шаштараз, аспаз секілді кәсіпке дағдыланса болады. Мектеп бітірген кезде аттестатпен қоса маман куәлігін алып шығады. Биыл сынақ ретінде 7500 оқушы осы тәсілмен оқуды аяқтайды.
———————————————