Теміртаулық жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр @TheSevenNews​

Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғындары өткен жылдың жазынан бері жалақыларын ала алмай жүр. Жылу жүйесін жаңғыртуға атсалысқан жұмысшылар маңдай термен тапқан еңбекақылары мүлдем берілмей қала ма деп алаңдайды. Өйткені жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме банкрот деп тануға ұсыныс берген көрінеді. Жобаға жауапты мемлекеттік компания өкілдері қаржылық қиындықтар туындағанын растап отыр. Дегенмен төлем жасауға талпынып жатқанын айтып сендірді.
Теміртаудың тозығы жеткен жылу желілерін жаз бойы жөндеген жұмысшылар тапсырыс беруші мекеме табалдырығын тоздырды. Жалақысын беруді талап еткен топ бүгін тағы жылу жеткізуге жауапты «Оқжетпес» компаниясына келді. Бірақ мекеме басшылығы олармен сөйлесуден бас тартты.
Бас мердігердің айтуынша, мемлекеттік компания 90 миллион теңге беруіге тиіс. Осы қомақты қаражат қолға тисе, жалақы мен салықты төлеуді жоспарлап жүрген. Жөндеу жұмыстарын өз қаржысына жүргізген кәсіпкер «Оқжетпес» компаниясының банкорттығын естіп алаңдап жүргенін айтады.
ВАДИМ МАТВЕЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Әлеуметтік тапсырыс бойынша бөлінген қаржының жоғалғанын енді білдік. Компанияның директоры ауысып кетті. Жаңа басшылық «ақша болмайды» деп бірден айтты. 2025 жылдың қаңтар айында «Оқжетпес» ЖШС банкорттыққа өтінім бергенін білдік. Мұндай жағдайда олар кредиторларға қарызды қайтармауға құқылы. Оның ішінде біз де бармыз.
Коммуналдық мекеме басшылығы тарифтың 2019 жылдан бері көтерілмеуіне байланысты жөндеу жүргізген жұмысшылармен есептесе алмай отырмыз дейді. Ағымдағы жылы тұрғындарға ең аз, ал әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарға ұлғайтылған көрсеткішпен тариф өзгертілген. Қосымша қаржы қарыздан құтылуға жұмсалмақ.
СЕРГЕЙ РАБОТЯГОВ, «ОҚЖЕТПЕС-Т» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Түскен қаржыны алғашқы кезекте қарызды жабуға жұмсаймыз. Яғни жөндеу жүргізген жұмысшылар мен құрылыс заттарын жеткізген азаматтарға жалақысы беріледі. Жаңа тариф енгізілгелі компания табысы 2 есе артады деп күтіліп отыр.
Қазіргі таңда коммуналдық компания 100-ден астам мердігер мекемеге бір миллиард теңгедей қарыз. Мемлекеттік кәсіпорын 2 айдан кейін берешекті қайтаруға кірісетінін жеткізді.
———————————————