Қостанайда ерлі-зайыптылар халықаралық әйелдер күніне 50 мыңнан астам қызғалдақ өсірді. Өнім бағасы аса қолжетімді болмаса да, көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында тоқтатпай алып кетеді. «Оны арзандатуға ниет бар, бірақ мүмкіндік жоқ», — дейді бағбандар. Себебі арқаның алты ай қысында жылыжайда өсетін гүлге көп шығын кетеді.
Әлия Әбдірахманова күйеуімен бірге екінші жыл қатарынан қызғалдақ өсіреді. Бірнеше жыл бұрын ерлі-зайыптылар көшет отырғызу үшін жылыжай салған, ал былтыр көктем гүлдерінің алғашқы өнімін алды. Бірінші өнім сәтсіз болғанымен, биылғы қызғалдақ өнім берген.
СХН: ӘЛИЯ ӘБДІРАХМАНОВА – БАҒБАН:
— Мен бұл гүлді жақсы көремін, бұрыннан жылыжайым қызғалдақпен көмкеріліп тұрғанын армандайтынмын. Нәтижесін көру – мен үшін үлкен бақыт. Өз ісімнен ләззат, шабыт аламын, менен алғашқы гүл шоқтарын сатып алғанда қатты қуандым.
Ерлі-зайыптылар қызғалдақ баданасын шетелден тапсырыс беріп, қаңтар айының ортасында отырғызған. Әлі өсіп үлгермеген қызғалдақ 8 наурыз қарсаңында алдын ала тапсырыс бойынша сатылып кетіпті. Көктем гүлдерін Қостанай облысына ғана емес, көрші аймақтарға да жөнелтуге дайындап жатыр. Қазақстанның гүл өсірушілер қауымдастығы отандық кәсіпкерлер бір жылдан астам уақыт бойы жергілікті сатып алушылар үшін күрес жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Қазақстандық өнім, әсіресе Голландия, Кения, Эквадор, Өзбекстан және Ресейден келген гүлдермен бәсекеге түсуде.
МЕРУЕРТ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, ГҮЛ ӨСІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жергілікті өндіріс логистикалық шығындарды азайту, гүлдердің балғындығы және жергілікті нарыққа бейімделу арқылы пайда көре алады. Көптеген қазақстандық сатып алушы импорттық гүлдерге үйреніп қалған және олардың отанына әрдайым назар аудара бермейді. Алайда жергілікті өндірушілерді қолдауға арналған тренд, сондай-ақ кепілді балғындық пен төмен баға қазақстандық гүлдерге деген қызығушылықты арттыруы мүмкін.
«Қазақстанда өсірілген гүлді арзандатып сату мүмкін емес», — дейді гүл өсірушілер. Өйткені алты ай арқаның қысыныда жылыжайды ұстау – үлкен шығын. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет. Сонда өнімнің бағасын түсіруге болады. Оған дейін бағбандар қарым-қабілетін көктемнің шуақты мерекесі қарсаңына бағыттайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.