Қазір елімізде 30-ға жуық көмір өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Ірі шахталар негізінен Қарағанды облысы мен еліміздің солтүстік-шығысында орын тепкен. Енді осы өндіріс ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Конституцияда көрсетілгендей біздегі ең қымбат құндылық – адам. Сондықтан әр Қазақстан азаматының өмірі біз үшін қымбат. Сол себепті олардың еңбек ету жүйесіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту керек. Біз енді Парламентте өз тарапымыздан заңнамалық тұрғыда талапты күшейту бойынша талқылап бұл мәселені қолға алатын боламыз.
Айталық, соңғы бес жылда жеті ірі апат болып, 71 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғаға түрлі жағдай себеп.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың пікірінше, мұндай апаттың алдын алу үшін көмір шахталарындағы еңбек қаіупсіздігін жиі тексеру қажет.
Ғалиасқар Сарыбаев, Сенат депутаты:
— Мемлекеттік инспекциялар, кәсіби одақтар, тәуелсіз аудиттер кеншілердің жұмыс орнын үнемі бақылап, тексеріп тұру қажет. Сол кезде проблемаларды шешіп, жағдайды реттеуге болады. Адам өлімі – үлкен қасірет. Кәсіпорындар басшылығы да кешенді тексерістер өткізу қажет. Қауіпсіздік күн тәртібінде үнемі талқылайтын тақырыпқа айналуы қажет.
Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел аумағындағы көмір шахталарында оннан астам ірі апат болған. Оның көбі бұрынғы «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнына тиесілі кен орындарында тіркелген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.