Көлік жүргізіп келе жатып телефон шұқыласаңыз немесе қауіпсіздік белдігін тақпасаңыз, енді жалтара алмайсыз. Кейде сергіп алғысы келетін «Сергектің» орнына енді қалт жібермей қадағалайтын жасанды интеллект келеді. Қала қауіпсіздігі үшін инвесторлар 53 млрд теңге бөлді. Ақылды технологияға негізделген ауқымды жоба қашан жүзеге асады?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Қазір Астана көшелерінде шамамен 6 мыңдай камера жұмыс істеп тұр. Наурыздан бастап «Сергек» бағдарламасы өз жұмысын тоқтатып, жасанды интеллект жүйесі енгізілмек. Араб инвесторлары қолға алған ілкімді жоба аясында мегаполиске 10 мыңдай жаңа бейнебақылау құрылғысы орнатылады.
500-ге жуық камера жол қозғалысы ережелерін анықтауға бағытталмақ. 8 мың камера мектеп, балабақша, әуежай мен вокзалдарда тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайтын болады.
Жасанды интеллектпен жол ережелерін бақылау оңтайландырылады. Көлікте рульді басқару кезінде телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты заңбұзушылықтар автоматты түрде бірыңғай жүйеге тіркеледі.
ВЛАДИСЛАВ СЕРГЕЕВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
— «Сергек» бағдарламасы аясында камералардың істен шыққан кездері болды. Сондықтан тұрғындар тарапынан шағымдар түсетін. Қала қауіпсіздігі үшін жасанды интеллект енгізу аясында кем-кетіктің бәрі ескерілді. Төтенше жағдайлар мен мемлекеттік қызметтердің жұмысын оңтайландыру үшін ауқымды деректерге талдау жасалынады.
Мәслихат депутаты Владислав Сергеевтің сөзінше, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ақылды технологиялардың көмегі зор болмақ. Бейнебақылау құрылғысының басым бөлігі адам көп шоғырланған нысан мен шағын аудандарда орнатылады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Қоғамдық тәртіпті сақтауда Дубай, Абу-Даби қалалары озық технологияларды қолданып келеді. Мұнда қылмыс деңгейі төмен екені белгілі. Сондықтан жасанды интеллект жобасын іске асыруда, біріншіден, дамыған елдердің тәжірибесі үлгі болды. Араб инвесторлары таратқан қаражат көлемі – 53 млрд теңге. Айта кетейік, «Сергек» бағдарламасына қаржы жергілікті қазынадан бөлінген болатын. Жасанды интнеллект жобасы бойынша Араб компаниясымен келісім 2030 жылға дейін белгіленген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.