Екі жылда бірде-бір қылмыс болмаған. Атырау облысының Құрылыс ауылы ішімдіктен бас тартқалы бері тыныштық орнаған. Тұрғындары тонның ішкі бауындай бірлесіп, жастарды еңбекке баулып жүр.
Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылындағы барлық дүкенде ішімдік мүлдем сатылмайды. Тыйым салынған. Саудагерлер: «Одан табысымыз азайған жоқ», – дейді.
ӘСЕЛ ИМАНҒАЛИЕВА – ДҮКЕНШІ:
— Арақ, темекі дегенді сатпаймыз. Тек қана тамақ. Ауылымыздың тыныш болуы арақ сатылмандықтан деп ойлаймын.
Ішімдік сатылмайтын болған соң, қылмыс та азайған. Бұған, біріншіден, тәртіп сақшылары дән риза.
ҒАЛЫМЖАН ЖҰМАҒАЛИЕВ – ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Ауыл тұрғындары бір-бірімен сыпайы қарым-қатынаста. Полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өрескел құқықбұзушылықтар орын алып жатқан жоқ.
Ауылдағы той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. Ақсақалдар әр жиында тонның ішкі бауындай бірлікшіл, бауырмал болуды насихатайды.
ЕСЕНҒАЛИ БЕКТҰРСЫНОВ – ҚҰРЫЛЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Отырған жерде осы арақтың пайдасы жоқ екенін айтып отырамыз ғой. Жастар да соны тыңдайды. Ұл-қыздарым мүлдем арақ ішпейді.
Енді көрші ауылдар да осы Құрылыс азаматтарынан үлгі алуды армандайды. Үлкен-кіші болып, ішімдіктен бас тарту – жас буынды кішіпейіл, қайырымды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.