Жалған психологтардың қызметі заңмен қарастырылады @TheSevenNews​

Жын шығарушы емшілер, энерго-терапевтер, нумерологтар, бақсылар, психологтардың атын жамылып емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Бұл саланы реттейтін заң әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Елдегі психологиялық қызметтің жай-күйі бүгін Мәжілісте талқыланды.
Клиникалық психолог Евгений Ян елдегі психологиялық қызмет сапасын арттыру қажет дейді. Ол үшін арнайы білімі жоқ адамдарға өзін психологпын деп атауға заңмен қатаң тыйым салу керек. Қазір нарықты жаулап алған таролог, нумеролог пен бақсы-балгерді тыйып, үш айлық курсты оқып алып, психологпын деп жүргендерді қызметтен қуу керек. Бұл салада жоғары оқу орны мен магистратура бітіргендер ғана жұмыс істеуі қажет.
Евгений Ян, клиникалық психолог:
— Қазақстандағы мамандардың 96 проценті өз бетінше диагноз қоя алмайды. Бұл қауіпті жайт. Психологтың біліміне қатысты талаптың жоқтығы күрделі мәселе. Үш айлық курсты оқып алып, психологпын деп клиент қабылдай бастайды. Олардың клиникалық білімі жоқ, даму психологиясы, нейропсихология және диагностика негіздерін білмейді. Қазақстанда кез келген адам кабинет ашып, баланы суицидтік ойдан «емдеп жатырмын» деп айтуы мүмкін, бірақ өзінде ешқандай жауапкершілік жоқ.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде психологиялық қызмет құқықтық тұрғыдан толығымен реттелмегенін айтты. Тиісті нормалар бар, бірақ олар шашыраңқы, әртүрлі заңдарда қарастырылған. Сондықтан ауытқуы бар адамдар заңды бұзса, олған қандай шара қолданылатынын айту қиын.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әнеугүні болған жағдайда көрдік қой, кейбіреулер айтып жатыр, оларды жабу керек, арнайы ауруханаларда ұстау керек, басқа да шешімдер қабылдау керек дейді, бұл дұрыс емес. Тек қана жабумен әлде тек қана оларды емдеумен емес, алдын алу және көмек көрсету мәселесі өте маңызды.
Депутат Айна Мысырәлімова мектептегі психологиялық қызметтің сапасына алаңдаулы. Психолог маманның оқушымен жұмыс істейтін шамасы жоқ. Сабақтан кейін балаларды алып қала алмайды. Ата-анасының рұқсатынсыз психологиялық тест те жүргізе алмайды. Оқу-ағарту вице-министрі балалармен жұмыс істейтін педагог-психологтардың біліктілігі төмен деді.
ЕДІЛ ОСПАН, ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Өзекті мәселе – ол мамандардың біліктілігі. Мектептерде жұмыс жасап жүрген педагог-психологтар, біздің психологиялық қолдау орталықтарына келіп жатқан мамандардың біліктілік деңгейі өте төмен екенін көріп отырмыз. Бірнеше рет талдау жасадық, ол біліктілікті арттырудың қолдан келетіні – біліктілікті арттыру курстарынан өткізу.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Бүгінгі отырыста айтылған барлық ұсыныс пен пікір ескеріліп, қазір әзірленіп жатқан психологиялық қызмет туралы арнайы заңға енгізіледі, — деді Асхат Аймағамбетов. Жалған психологтар мен эзотериктердің қызметін тыю тәртібі де осы заңда қарастырылмақ.
———————————————