Қызылорда облысында салынып жатқан көпір құрылысы тым баяу жүріп жатыр. Былтыр темір жолдың арғы бетіндегі 50 мыңдай қызылордалықтың қатынасын реттеу үшін жерасты өткелінің құрылысы басталған болатын. Бір жарым жылда пайдалануға берілуі тиіс нысанды қаржыландыру тоқтап қалған. Арнайы өткел болмағасын тұрғындар жүрдек пойыз қатынайтын шойын жолды кесіп өтіп жүр. Одан бөлек, Тасбөгет кенті мен облыс орталығын жалғайтын көпір жоба бойынша былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ халық әлі игілігін көре алмай отыр. Тұрғындар Қызылжарма каналынан өту үшін сымтемірмен тартылған жалғызаяқ көпірмен жүруге мәжбүр.
КЕНЖЕГҮЛ ӨТЕГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Көпірдің басталғанына 2 жылдай болды. Қашан бітеді екен? Бізге қиын болып жатыр. Таңертең, кешке баланы апарып, әкеліп жүреміз. Барлық көпқабатты үйлердің тұрғындары осы жерден өтеді. Қыстай тайғақ болады.
ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ, ЖКАЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Биылғы жылы қалған 199 млн теңге қаржысы толық қаралып тұр. Жақын арада пайдалануға беріледі деп күтіліп жатыр. Бұл көпір берілген жағдайда Тасбөгет кентінен қала орталығы, батыс Ақмешіт, Мерей мөлтек аудандарына тікелей жол пайда болып, халықтың қатынауына ыңғайлы болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.